«Видеоны өзім көргенде басында қатты ұялдым»: 19 жастағы шымкенттік жігіт шорқақ орыс тілінің арқасында кәсібін дөңгелетіп әкеткен — Қазақстан жаңалықтары

0

Небәрі 18 жасында кәсіп ашып, оны домалатып отырған Шыңғыс Сейдалы орыс тілінде сөйлеймін деп танымал болып кеткен еді. Орысша дұрыс сөйлей алмағаны үшін шымкенттік жігіт көпшіліктің күлкісіне қалған. Соның салдарынан депрессияға да ұшырапты. Бұл туралы Шыңғыс Stan.kz ақпарат агенттігіне әңгімелеп берді.

шымкент жігіт

–    Шыңғыс, «хайп» үшін орысша сөйлеп жарнама түсірген бе едің? 
–    Жоқ, ол кезде хайп дегенді білмейтінмін. Бар болғаны өз кәсібімді ашқым келді. Ал бұл логистика саласы көбінесе орыс тілінде жүреді. Сол үшін орысша сөйлеп жарнама түсірген болатынмын. Бірақ ол кезде өзімді керемет сөйлеп тұрмын деп ойладым. Сөйтсем, оны көргендер күлкіден жарылған екен. Адамдар мазақ еткен сайын менің жұмыс істегім келмей қалды. Кәдімгідей көңілім түсіп кетті. Бірақ таныстарым «қорықпа, ұялма» деп демеп отырды. Расымен де орыс тілінде сөйлегенім үшін неге ұяламын деп жұмысымды жүргізе бердім.

–    Яғни, орыс тілінде сөйлегеніңнің арқасында бизнесің алға басып кетті ғой?

–    Бір қызығы, орыс тілінде сөйлеп жарнама жасаған видеомнан кейін маған клиенттер келе бастады. Соның арқасында осы күні жүк тасымалдаушы логистика компаниям бар. Тіпті кейбіреулер серіктес болайық деді. Бірақ көшеде кетіп бара жатсаң, кейбіреулер әлі күнге дейін маған біртүрлі қарайды. Сондайда кішкене ыңғайсызданып қаламын. Жалпы бұл кәсіпте орыстілділер көп қой. Содан кейін де орыс тілін үйренуге, сөйлеуге тура келеді. Бірақ 19 жаста болған соң да менсінбей алдап кеткендер көп болды. 

–    Қазір енді орысшаң қалай?

–    Қазір кішкене-кішкене ғана түзелді. Бірақ сөйлей алмаймын әлі. Сол адамдардың мазағынан кейін орыс тілі курстарына қатыстым. Өзімнің де кейде өзіме күлкім келеді. Басында орыс клиенттермен Google-переводчик арқылы сөйлесетінмін. Орыстар хабарласқанда жаттап алған сөзімде «Давайте на Whatsapp» деп айтатынмын. Ол орыс па, қазақ па, біліп алу үшін «Смотри братан, на русском плохо говоришь» деп жазамын. Әр жазатын сөзді аудармаға салып отыратынмын. Өйстіп жүріп талай орыстардың ақшасын алдым ғой. Осы үшін орыс тілінде еркін сөйлейтін боламын деп мақсат қойдым. Ағылшынша да үйренгім келіп жүр.

–    Орысша сөйлеп күлкіге қаламын деп ойламаған шығарсың иә?

–    Иә. Ол видеоны түсіргенде «мен орысша керемет сөйлеп тұрмын» деп ойладым. Бірақ мүлдем басқаша екен ғой. Сол 25 секундтық видеоны терлеп-тепшеп 2-3 сағат түсірдік. Орысша сөздерге тілім келмей, оны бірнеше рет қайталадым. Біресе ұмытып қала беремін. Не керек, соңында орыс тілінде күшті сөйлей алады екенмін деп өзіме деген сенімділік пайда болды. Мен жалпы тұтығып сөйлейтін адаммын. Өйткені кішкене кезімде ит тістеп, тілім солай болып қалды. Ол видеоны өзім көргенде басында қатты ұялдым. Бірақ ақша төлеп, сонша уақытымды жұмсадым. Не болса да көрейін дедім. 

–    Ары қарай бір күнде «жұлдыз» болып шыға келдің, солай ма?

–    Ертесінде таң атпастан группаластарым, достарым, таныстарым барлығы жаза бастады. Бәрі «Мына видео не? Не істеп жүрсің сен өзі?» деп жазған ғой. Сөйтсем, орысша сөйлеп жарнама жасаған видеомды Instagram-дағы бір паблик жариялап жіберген екен. Тіпті блогерлерге дейін мені жарнамалап жіберген ғой. Әрқайсысы жазған сайын мен ыңғайсыздана бастадым. Қарасам, жұрттың бәрі маған күледі. Өмірімде бірінші рет өзімді жаман сезіндім. Бастағалы жатқан кәсібімді енді не істеймін деп ойладым. Бірақ артқа шегінуге жол жоқ. Не болса да адамдардың күлкісіне шыдауым керек болды. 

–    18 жасыңда кәсіп бастау қалай ойыңа келген еді?

–    9 сыныптап кейін әкем Шымкент қаласына колледжге оқуға түсірді. Көпбалалы отбасынан шыққанмын. Үйде әкем ғана жұмыс істейді. Ата-анама ауыртпалық салмайын деп үш жыл қатарынан жүк тасушы болып жұмыс істедім. Түнгі сағат 22:00-да жұмысқа барып, таңғы 05:00-ке дейін тауар таситынбыз. Содан таңертең тұра сала сабаққа кететінмін. Бірақ үш жылдан кейін «қашанғы осылай жүре беремін?» деп ойлана бастадым. Сөйтіп қалай кәсіп ашудың жолдарын қарастырдым. YouTube каналындағы Ахметбек Нұрсила ағамыздың сабағын бір жыл бойы зерттеп, сол кісінің курсына жазылдым. Желілерде тарап кеткен видеоны осы сабақты оқып жүргенімде түсірген болатынмын. Яғни, мақсатым өз кәсібімді жарнамалау еді. Кәсібім орыс тілінен басталды десем болады.

stan.kz