Омбыдан пойызбен келген: СҚО-да коронавирусқа шалдыққан науқас жайлы жаңа деректер белгілі болды — Қазақстан жаңалықтары

0

Солтүстік Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан азамат Омбыдан пойызбен келгені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. 

науқас

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. 

«Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының бір жағдайы нақтыланды. Науқас — 1993 жылы дүниеге келген Петропавл қаласының тұрғыны. Бойжеткен ресейдің Омбы қаласынан келген. Сол қалада білім алып жүрген. 23 наурыз күні кешкісін транзиттік пойызбен келген. Тығыз қарым-қатынаста болған тұлғалардың барлығы анықталып, карантинге алынды. Пациент вокзалдан үйіне барған, көшеге шықпаған және тек анасымен ғана тығыз байланыста болған. Келесі күні, 24 наурызда дене қызуының 37,6 градусқа көтерілуіне шағымданып, жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Жедел жәрдем бригадасы Ресейдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, пациентті толықтай қорғаныс заттарымен оқшаулап, провизорлық стационарға жеткізді», — деді басқарма басшысы. 

Сөзінше, науқасқа жасалған сынаманың нәтижесі оның коронавирус жұқтырғанын көрсетіпті.  Қазіргі таңда сараптама нәтижесі Алматыға жіберіліпті. 

«Бүгінгі күні пациенттің жағдайы бірқалыпты. Дене қызуы, шағымы жоқ. Онымен байланыста болғандар, оның ішінде пойыздағы жолаушылардың барлығы карантиндік стационарға оқшауланды. Зертханалық сынама алынды. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық», — деді Тимур Сұлтанғазиев.

Еске салайық, бұған дейін коронавирус Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарын жеткендігі жайлы айтылған еді. 

 

stan.kz