«Өліп барам, өліп барам»: жанұшыра айқайлаған ата, ақырын сыбырлаған апа
Атышулы коронавирус індеті бүкіл әлемнің қос өкпесінен қысып жатыр. Бүгінде Қазақстанда ауырғандар саны 602952 жетті. Ауруханадағы науқастардың жағдайы өте ауыр. Бұл туралы журналист Думан Смақов фейсбук парақшасына жариялады.
Оның айтуынша, өкпесін компьютерлік томографияға (КТ) түсіруге барып дем жетпей қиналып, жылап жатқан науқастарды көргенде денесі түршіккен.
«Ұзын дәліз. Шаршаған, шарасыз, дәлізге құлаған дәрігерлер.
– Қыздар, өліп барам, өліп барам, – деп жанұшыра айқайлаған ата, ақырын сыбырлаған апа…
Сондай қорқынышты. Денем әлі дірілдеп отыр. Демала алмай жатқандарды шешіндіріп, төмен қаратып жатқызып қояды екен», – деп жазады Думан Смақов.
Журналистің айтуынша, аурумен күресте дәрігерлердің еңбегі орасан. Олар таңғы 08.00-ден бастап түнгі 03.00-ке дейін жұмыс істейтін көрінеді.
«Сол арада бізді тасып жүрген жігітті ары қарай әңгімеге тарттым:
– Таңғы 8-9-дан бастап түнгі 2-3-ке дейін жұмыс істейміз. Отбасын, кафені, тіпті газдалған суды ұмытқалы қашан. Күніне кемі 20-30 адамды КТ-ға апарып, үйіне әкелеміз. Көптеген пациенттің өкпесі бүлінген. Арасында қиналып, ауруды мойындамайтындар кездеседі. Көзіміздегі әйнек те буланып, дым көрінбей қалатын да уақыт болады. Ондай кезде әшкиді шешуге болмайды… Өйтіп-бүйтіп амалдаймыз. Менен кейін тағы 10-ға жуық адам кезегін күтіп отыр дейді. Бұл тек біздің микроаймақтағы 1 ғана медқызметкердің әңгімесі… бұл менің тек 10-15 минутта ғана байқағаным», – деді ол.
Сөз соңында журналист күндіз-түні аурумен бетпе-бет келіп, өмірін қатерге тіккен медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.