«Қазақстан Қытайға қосылған жағдайда оның қарызы жабылады»: Елшінің сөзі рас па

0

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяоның еліміз ҚХР құрамына кірген жағдайда, оның сыртқы қарызының басым бөлігін жабуға дайын екендіктері жайлы мәлімдегені туралы хабарлама таратылуда. Бұл – фейк.


Осындай тақырыптағы посттың дереккөзі – qazinform24 Instagram-аккаунты. Бұл шынайы жаңалықтар жарияламайтын сатиралық парақша. Оның профилінде аккаунт сатиралық контент пен фейк жаңалықтар жариялайды деп жазылған. 

Қазақстандағы ҚХР елшілігінің ресми сайтында мұндай жаңалықтар жоқ. Төтенше және Өкілетті елші Чжан Сяо мұндай мәлімдемелер жасамаған.

Демек, ҚХР құрамына кірсе, Қазақстанның сыртқы қарызы жабылатыны туралы хабарламалар фейк болып табылады, оны кейбір пайдаланушылар сатиралық парақшаны дереккөз ретінде көрсетпей таратады.

Бұған дейін біз Қазнет пайдаланушылары осы сияқты «жаңалықтарды» шынайы деп таратқан жағдайлар туралы жазған болатынбыз.