Ой кемесі | «Айқын» газеті
Шамасы 2003 жылдың ақпан-наурызы. Қасым Аманжол екеуміз ол кезде Қазақ радиосында әдеби хабар жүргіземіз. «Рахат Мамырбек деген саяси сараптамашы жігіт» деп Қасым таныстырды. Хабарды ол кезде таспаға жазады. Тоң сияқты сіресіп әрең ашылатын ауыр есікті дыбыс студиясы бос емес екен. Рахат пен біз студияның ауыз бөлмесінде қаз-қатар тізілген орындықтарға қатар отырып қалыппыз.
Екі мыңыншы жылдардың басында «сараптамашы», әсіресе, ресми киініп жүретін қайсыбір журналистерді «саяси сараптамашы» деп атау сәнге кірген. Аласа бойлы, үстінде қара водолазкасы, арқасында рюкзагы бар биязы жігіт оларға ұқсамады.
Қасым Рахатты әңгімеге тартып, сол кезде жүріп жатқан екі мемлекет арасындағы қақтығыс туралы сұрады. Біз хабарда айтатын сөзімізді жұптап, өз ойымызбен отырғанбыз.
– Жалпы, әлемде мемлекеттер екітүрлі болады. Ұлттық негіздегі, ата-бабасының қаны тамған жерді ешкімнің аяғына таптатпайтын елдер болады. Сосын, әртүрлі этностардан құралған азаматтық негіздегі мемлекеттер. Ұлттық идентификациясы мықты ел намысын бермеуге тырысады, – деп, Рахат бұрын естімеген бір байламдарды айтып жатты.
Кіп-кішкентай жігіттің мұндай теорияларға негізделген үлкен ойына таң-тамаша болдым. Тіпті сол ойды «үшке екіні қоссаңыз, бес болады» деген сияқты оп-оңай, әдепкі дүниедей айта салғаны одан сайын қайран қалдырды. Қабат-қабат жатқан қайшылықты құбылыстарды әлемдік тарих, өркениетті даму заңдылықтарымен талғап, тапқан шындығын қарапайым ғана әңгіме қылып шерте салу Рахаттың тұнған бойы мінезі екен. Сол құбылыстардың табиғатының нәзік қатпарларына ізетпен зер салуды оның жаны сүйетін.
Рахат сөйтсек, радиода «Ой түйін» деген авторлық хабар жүргізеді екен. Рюкзагын асып, таңғы алтыда жұмысқа келеді де, екі көзін компьютерден алмай қатады да қалады. Кірген-шыққан елмен шаруасы жоқ, саусақтары ғана пернетақтаның үстінде арлы-берлі ойнақтайды. Бар ынта, бар зейін мониторда ашылып тұрған word-та. Содан тапжылмай тура төрт сағат отырып, он минуттық «Ой түйінін» жазып шығады. Күнде-күнде. Аптасына кемі бес, әйтпесе, алты рет. Сағат оннан он минут өткенде принтерден шығарған үш-төрт парағын ұстап Рахат студияға кіріп бара жатады.
Басқашалау ойларды, назарға іліге бермейтін шетін мәселелерді Рахат экспрессиямен түйдек-түйдек айта бастағанда, Қазақ радиосының тұрақты тыңдарманының бәрі құлақтарын түре қалатындай елестейтін. Такси болып жүрген талай жігіттерден «Ой түйінді» жолдың шетіне арнайы тоқтап тұрып тыңдайтынбыз дегенді естідік. «Ой түйіннің» бір хабарын Премьер-министр жаздырып алып, қайта тыңдауға сұратыпты. Ұлттық, мемлекеттік, қоғамдық күрделі мәселелерді қарапайым тілмен жеткізетін «Ой түйін» сол такси айдаған жігіттер мен Премьер-министрге дейінгі қалың қазақтың ұйып тыңдайтын хабары еді.
Зиялы қауым да Рахаттың мұзжарғыш кемедей соны пікірлерін бірден аңғарып жатты. Сондай бір разы көңілге біз де куә болған едік. 2004 жылдың мамыр айында Семейдегі Абай музейінің директоры Төкен Ибрагимов ағамызға хабарластым. Қазақ радиосынан екенімді, Абайдың дүниеден озғанына 100 жыл толуы қарсаңында сұхбат беруін сұрадым. Ағамыз келісті. Сосын: «Әй, ана сендердегі Рахат Мамырбек деген жігіт «сотталып кетейін» деп жүрген жігіт», – деп, Төкен аға өзіне тән сырбаз дауысын созып, кеңк-кеңк күлді. «Сотталып кетейін деп жүр» дегенім – бейнелеп айтқаным ғой. Мұндай тегеурінді, ешкімнің ойына келмейтін басқаша ұғым, бөтен ой екінің бірінде бола бермейді», – деп ілтипатын білдірген еді.
Рахат екі жыл шамасында «Ой түйіннің» бірнеше жүз хабарын дайындады. Әттең, радионың қорында Рахаттың сол хабарларының бірде-біреуі сақталып қалмапты…
Рахатты елге танытқан, білімі мен қабілетін әйгілеген – «Күлтөбе» бағдарламасы. 2004 жылдың қыркүйегінде «Күлтөбенің» алғашқы хабары жазылғанда, Рахат – жиырма алты жаста. Қазіргі қазақ телевизиясында 26 аз жас емес, бірақ интеллектуалдардың пікірлесу клубын биік деңгейде жүргізу үшін телегей-теңіз білімді демесек те, пайымды азамат керек. Рахат сол үдеден шыға білді. Жасы қырық-елудегі ғалымдар мен саясаттанушылардың ортасында түрі тым жас көрінбесін деп, Ғалым Доскен ағамыз Рахатқа көзәйнек кигіздірді.
Еліміздің түкпір-түкпіріне тарайтын «Қазақстан» ұлттық арнасының кешкілік уақыттағы хабарын жүргізудің жауапкершілігін Рахат жан дүниесімен сезінетін. Сол «Күлтөбе» Рахатты тез есейтті. Бұған дейін университеттің саясаттану мамандығында жиған білімі, Ұлттық ғылым академиясының аспирантурасында оқып, жазып жүрген «Жаhандану дәуіріндегі ұлттық идентификация» тақырыбындағы ізденістері нағыз сынға, пікірталасқа түсетін кез келген. Рахаң іштей ширығып, жанын жеп, томсарған күйі алдағы хабарларының тақырыбы мен оған шақырылатын қонақтарды, қойылатын сұрақтарды қайталай ойланып жүретін. Әшейін кезіккен адамға жайраң қағып амандасып, қал-жағдайын сұрасатын, эфирде жымиып қана отыратын Рахат ой тереңіне кеткенде тіпті өзгеше қалыпқа енетін. «Ой түйіннен», бәлкім, одан да бұрын қалыптасқан әдет бойынша Рахаң ол күндерде мүлде басқа әлем, басқа кеңістікте параллель өмір сүріп жүргендей болатын. «Бар жиған-тергенім өткен хабарда жанып кетті», – деп қалжыңдап, арасында үстеліне бір уыс «Красный мак» конфетін қойып алып, жанталасып кітап оқиды. Шетелдік ірі авторлардың адамның ойы түгілі, тісі батпайтын кесек еңбектерінің күн сайын бір кітабын бітірмесе, жаны тағы байыз таппайды. Кей күндері түнгі екі-үшке дейін отырып, екі кітапты қатар бітіріп үлгеретін. «Әр кітаптан бір сөйлем ғана түйінді ой шығады ғой», – дейтін ондайда Рахаң. Міне, сөйтіп жүріп «Күлтөбеге» қазақ қоғамында принципті түрде талқылануы тиіс ірі мәселелерді шығарды. Апталық хабарлардың бәрінде талданып жататын күнделікті тақырыптарға көп барған жоқ. Мәселені философия тұрғысынан талқылап, қонағынан концепциялы шешім сұрауды, қажет жерінде сол шешімдерге қарай өзі бағыттауды, қоғамдық құбылыстардың қайшылығын анықтауды Рахат бір сәтке де назарынан тыс қалдырмайтын. Қазақтың қалалық ұлтқа айналуы, қазақ идеясы, аумақтық және әлемдік саясат, мемлекеттің негізгі ұстындары, ұлттық модернизация, глобалды трансформация, индустриялы және постиндустриялы қоғамның ерекшеліктері, саяси институттардың дамуы, демократиялық принциптер, технарлардың ойы, футурологтардың пайымы сияқты тіркестер Рахаттың әр хабарында айтылып жататын. Рахат қойған сұрақтарға аузы дуалы саналатын талай профессорлар тұщымды жауап таба алмай қиналатын.
«Күлтөбе» әуелгіде интеллектуалдардың пікірлесу клубы, яғни тұрақты қатысушылары бар формат ретінде ойластырылған хабар еді. Міне, сол ойлар мен пікірлердің шарпысуына академик Асқар Жұмаділдаев, саясаттанушы Әзімбай Ғали, тарихшы Гулжауhар Көкебаева сияқты азаматтар ғана соңына дейін шыдас берді. Бұл Рахаттың «Күлтөбені» аса жоғары дейгейге көтергенінің белгісі болса керек.
Аяулы дос, қадірлі дос Рахат туралы, жадырап күлгенде адамның бүкіл жан дүниесін ерітіп жіберетін, кең жүректі Рахаң туралы әлі талай естелік айтуға болады. Әттең, сол естеліктің ешқайсысы да ой кемесі болып қалқыған Рахатты ортамызға қайта әкеле алмайды.
Болат Мүрсәлім
Дереккөз: Айқын