Нық қадаммен ертеңге — нығая бер, төл теңге

0

2018 жылғы 15 қараша 08:06 29

Нық қадаммен ертеңге - нығая бер, төл теңге


АСТАНА. ҚазАқпарат — Осыдан ширек ғасыр бұрын қарашаның қақ ортасында қазақстандықтардың қалтасына алғашқы теңге түсіп, ұлттық валюта ғұмырының басталуымен егемендігіміздің іргесі беки түскен еді. Мемлекет дербестігін шегелей түсетін тікелей фактор — ұлттық валютаның енгізілуі деп білсек, Тәуелсіз Қазақстан үшін теңгемен тың экономикалық саясатқа қадам басу — ең маңызды тарихи сәттердің бірі-тұғын. Осы ретте ҚазАқпарат оқырмандарына төл теңгеміздің тарихын бір еске салып, өткенге көз жүгіртуді жөн көріп отырмыз.

Күйреген КСРО-дан қалған кеңестік рубльдің тоқсаныншы жылдары қадірсіз күйде «сабан ақша» атанып кеткені белгілі. Бір қызығы, Ресейдің өзі кеңестік рубль аймағынан 1993 жылдың шілдесінде шығып кеткенімен, бұл валюта 1995 жылдың мамырына дейін Тәжікстанда қолданыста болған. Ал Қазақстан үшін ұлттық валютаның қажеттілігі тәуелсіздік алғалы-ақ күн тәртібінің өзекті мәселелеріне айналып шыға келді. Осылайша, 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубльдің құрсауынан толық құтылып, 15 қараша күні теңге «дүниеге келді» — теңге ресми айналымға енді.

Нық қадаммен ертеңге - нығая бер, төл теңге 

Жалпы, ұлттық валютаға деген ұмтылыс 1992 жылы жасалып, сол жылы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын. Ертеңінде қазақ валютасын өмірге әкелген Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанады. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып, теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Англияға 18 мәрте қатынаған.

Теңгеде тарихта белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалса, екі жүз теңгеден жоғары купюралардың бәріне (500, 1000, 2000, 5000) Әбу Насыр әл-Фарабидің бейнесі басылды.

Нық қадаммен ертеңге - нығая бер, төл теңге 

Кеңестік рубльді  теңгеге айырбастау 1993 жылдың 15 қарашасы күні таңғы  08.00-де басталды. Азаматтардың ақшасын жаңартып алуына бес күн берілді. Ұлттық банк әу баста 1 теңгені сол кездегі кеңестік 1000 рубльге бағалағанымен, арада көп өтпей біршама мәселелердің ескерілуімен, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді.

Айта кетерлігі, теңгенің алғашқы 5 мыңдық купюрасы 1998 жылы, ал 10 мыңдық банкнот 2003 жылы пайда болған еді. Ал қағаз тиындардың орнына жезден жасалған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар 1994 жылы шығып қойған.

  
Нық қадаммен ертеңге - нығая бер, төл теңге
Нық қадаммен ертеңге - нығая бер, төл теңге
Нық қадаммен ертеңге - нығая бер, төл теңге 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Араға 9 жыл салғаннан кейін 2006 жылдың 15 қарашасында жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді. Бұл процес валютаның құнына еш әсер еткен жоқ.

Нық қадаммен ертеңге - нығая бер, төл теңге 

2016 жылдың 4 қарашасында 2006 жылы басылып шыққан 2 мың, 5 мың және 10 мың теңгелік купюралар алынып тасталып, оның орнына ҚР Ұлттық банкінің төртінші сериясының жаңа купюралары шықты. Дәл сол секілді 2017 жылдың 1 наурызында 2006 жылы басылып шыққан 1 мың теңгелік купюралар түрі қолданыстан алынды. Ал қағаз ақшадан ең жас банкнот — қазір қолданыстағы 500 теңге. Бұл купюраның түрі 2017 жылдың 22 қарашысында енгізілген болатын.

Нық қадаммен ертеңге - нығая бер, төл теңге