Қызылорда тұрғыны асарға шақырған туыстарына бес мың теңгеден беруге мәжбүр болған — новости Казахстана

0

Қызылорда қазақи қаймағы бұзылмаған өңір екені белгілі. Сыр елінде күні бүгінге дейін салт-дәстүрлеріміз сақталып, күнделікті өмірде қолданылып келеді. Десе де, кейбір тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің жоғалып бара жатқанын да байқауға болады. Соның ішінде «Асардың» мән-мағынасы қалмай бара жатқандығы қынжылтады. NUR.KZ порталының редакциясына хабарласқан қызылордалық жігіт, жақындарына деген өкпе – ренішін жеткізді.

Көрнекі фото: aktau-business.com

Көрнекі фото: aktau-business.com

Жаңақорған ауданының тұрғыны Дәулет Сыбанов үйінің үлкені. Баланың тұңғышы болғандықтан, мойнына жүктелер жауапкершіліктің салмағы да ауыр. Өткен жылы асқар тау әкесінен айырылып қалған азамат, жақында оның асын беруге әзірленіп жүр екен.

«Бәріміз қазақпыз ғой, оқыдық, тәрбие алдық, көзіміз ашық, көкірегіміз ояу. «Асар» дәстүрін жақсы білеміз. Бала кезімізден үлкен жұмысты бастаған жақындарымызға көмекке баратынбыз. Қазір отбасымызбен әкеміздің жылдық асына дайындалып жатырмыз. Халық келетін күні етті сақтап, үлкен асты түсіру үшін аулаға сарай салуды жоспарлаған болатынмын. Құрылысты жазда бастауға қаржылық мүмкіндік болмаған еді. Жұмыс ауқымды болған соң, «Асар» жасап жақындарымды көмекке шақырған болатынмын», — дейді Дәулет.

«Асарға» келгендерге ас дайындау үшін Дәулеттің отбасысы қой сойып, қазан көтерген екен. Бірақ, жұмысқа шақырған жақындарының көбісі келмепті.

«Сарайдың іргетасын құйып қойған болатынбыз. Тек кірпішін құйып, төбесін жабу керек болатын. Есік пен терезесін салатын адамдар дайын еді. Өкінішке орай, көмекке шақырған туыстарымның барлығында шұғыл шаруалары шығып қалды. Кейбіреулері тіпті телефонын көтермеді. Осылайша, үлкен жұмысты бітіретін адам табылмай қалды», — дейді жас жігіт.

Есесіне, ақысына көмек көрсетуге әзір жақындары оңай табыла кетіпті.

«Менің анам жұмыс істемейді. Бауырларымның жасы кіші. Отбасын асырап отырған жалғыз өзім. Әкемнің асын өткізу үшін шыны керек, несие алуға мәжбүр болдым. Әрбір тиын мен үшін қазір өте маңызды. Бірақ менің жағдайымды түсінетін туыстарым табылмады. Сарайдың кіріпішін қалап, жұмысты бітіруге келген «бауырларымның» әрқайсысына 5000 теңгеден беруге мәжбүр болдым. Олай жасамасам, жұмыстың бітетін түрі жоқ. Осы ретте біздің адамгершілігіміз қайда деген сұрақ туындайды», — дейді Дәулет.

Әрине, бір мысалды келтіріп, тұтас бір дәстүрді жойып жіберуге болмайды. Осы орайда, «Асарға» қашан бардыңыз деген сұрақты бірнеше қызылордалыққа қойған едік.

«Жолдастарымның үйіне көмектесуге барып тұрамын. «Асар» дәстүрі туралы бұрыннан білеміз ғой. Жазда ауылда шөп жабуға асарлатып жатады. Қолдан келгенше көмектескен жақсы», — дейді Самат есімді жігіт.

«Қазіргі уақытта «Асар» жасап жатқан адамдарды жиі көрмейміз. Өйткені әркімнің өз шаруасы бар ғой. Сосын көпшілік бір шаруаны бітіру үшін, адам жалдап жатады. Халықтың мүмкіндігі бар деп ойлаймын», — Әсет есімді қызылордалық тұрғын.

«Былай қарағанда бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні өте зор ғой. Бірақ қазір ешкім «Асар» жасай бермейді. Әрине көмекке шақырса, барамыз. Бірақ қол ұшын созғанға жақыныннан ақша сұрау, тіпті ұят қой», — дейді Айдар есімді азамат.

Ал оқырман сіз соңғы рет «Асарға» қашан бардыңыз?