Нығматулин Жамбыл облысындағы өндіріс орындары мен әлеуметтік нысан өкілдерімен кездесті
Сапар барысында Мәжіліс Төрағасы атқарылған жұмыстармен танысты.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Онда ол кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарымен, тұрғылықты халықпен кездесті. Іс-шарада Палата Төрағасы депутаттардың заң шығарушылық жұмысы туралы, соның ішінде, Мемлекет Басшысының бастамасымен қабылданған заңдар туралы әңгімеледі.
Палата Спикері «Қазфосфат» зауытында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қазақстандағы химия өнеркәсібі жағынан алғашқы қатарда тұрған кәсіпорынға биыл 20 жыл толады.
Осы уақыт ішінде «Қазфосфат» тек елімізде ғана емес, басқа шет мемлекеттерге де фосфор өнімдерін шығарды. Сонымен бірге, ТМД, Қытай, Шығыс және Батыс Еуропа елдеріне жол тауып, әлемдік деңгейдегі ірі өндіріс орнына айналды. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 7 филиал ашылып, ол 6 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Еңбек ұжымымен кездесу барысында Палата Спикері Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап, әрбір облыстың, әрбір ауданның, әрбір қаланың дамуына зор көңіл бөліп келе жатқанын, соның ішінде, түрлі-түсті металдарға, баритке, фосфаттарға бай Жамбыл облысының орны өте маңызды екеніне тоқталды.
«Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында мемлекетіміздің өңдеу өнеркәсібі 9,5 трлн. теңгеге дейін артып, отандық өнімдеріміз әлемнің 110 елінде сатылып келеді. Мемлекетімізде жүргізілген ірі реформалардың арқасында қазақстандықтардың тұрақты табыс табуына кең жол ашылды», – деді Н. Нығматулин.
Сонымен қатар, Палата Спикері еліміздегі әлеуметтік жағдайға тоқталып, Тәуелсіздің алған жылдардан бастап еліміздегі жалақы көлемі 4 есеге дейін өскенін, бір миллионнан астам қазақстандықтар тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін, алдағы бес жылда Президентіміздің әлеуметтік бағдарламасы аясында 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланғанын, ол 2 миллионнан астам адамға баспаналы болуға мүмкіндік беретінін айтты.
Сондай-ақ, таяуда ғана Елбасымыз Жастар жылының ашылу салтанатында қазіргі жасап жатқан жұмыстардың барлығы жастар үшін екеніне ерекше тоқталды. Онда жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыспен қамтуға, өнерлі жастарды қолдауға баса назар аударылған.
Осы орайда, Н. Нығматулин жастарға берілген осындай мол мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.
Бүгінгі таңда еліміздің алға қойған мақсаты дамыған 30 елдің қатарына жету. Осы жолда әлемдік нарыққа жол тапқан Жамбыл облысының да үлесі зор. Қазірдің өзінде де көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Мысалы, облыс бойынша өндіріс көлемі өткен жылы 400 млрд теңгені құраса, жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындар саны 63 мыңнан асқан.
Жамбыл облысының қарқынды дамуына назар аударған Мәжіліс Төрағасы:
-Облыс жыл сайын жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Сонымен бірге, «Қазақстан — 2050» бағдарламасы, біздің жарқын болашағымыздың басты бағдары болып табылады. Сондықтан, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, біздің заң шығару жұмысымыз барлығы да туған еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы игі қадамдарды жүзеге асыру болып табылады. Алдағы уақытта да біз ортақ мақсат жолында бірлесе қызмет ететін боламыз. Осы жолда ең тиімді бағыт – ол депутаттардың сайлаушылармен кездесуі екені сөзсіз. Бұл кездесулер халқымыз үшін де, біз үшін де өте маңызды, — деді.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/