Нұргелді Әбдіғани: Блогерлер мен БАҚ өкілдеріне мұқияттылық керек

0

Сан рет қайталап, сөзді сапырған жөн емес шығар. Өздеріңіз де көріп, біліп, естіп отырсыздар. Қазақстанның он өңірінде қарғын судың қарқыны қатты. Төтенше жағдай облыстық, аудандық, қалалық деңгейде күн сайын жарияланып жатыр.

Қаншама үй кетті, қаншама мал кетті…Ел зардап шегіп жатыр. Әлеуметтік желілердегі, БАҚ-тағы әрбір жағалықты көрген, оқыған сайын ауыр күрсініп отырмыз. Бірақ, елміз ғой. Мұны да еңсереміз, әрине.

Бірақ, әттеген-айлар да жоқ емес. Бүгін біраз жұрт ел басына түскен қиындықтан қалтаның қамын ойлап, бірді екі қылғысы келетіндер туралы жазып жатыр. Жер сілкінсе таксидің тиынын, су басса жолпұл мен тауар бағасын асаандатып алатын, «көршісінің өртенген қорасына, қойының басын үйітуді» көздейтіндер бары рас. Оларды көріп, біліп жүрміз.

Мен осы тұста тағы бір мәселені айтқым келеді. Рас қазір жылдам ақпарат уақыты. Дәл қазіргідей алағай да бұлағай кезеңде тексерілген-тексерілмеген, расталған-расталмаған ақпарат көп. Олардың бірі шын болса, бірі өтірік. Сондықтан ақпаратқа да абай болу керек! Ел онсыз да үрейлі. Қауіп қайдан болар екен деп елеңдеп отырған жұрт. Сондықтан блогерлер, кейбір БАҚ өкілдеріне мұқияттылық керек. Қазірдің өзінде «Ресей суды қасақана жіберіп, Оралды батырып жібермек», «Қырғызстан су жіберіп, Таразға қауіп төнді» деген ауданда фейк ақпараттар тарап жатыр.

Үшінші сөз: Елдің мұңы — біздің мұң! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Қырғыз бен Әзербайжан гуманитарлық көмек жолдап, Түркия жәрдем ұсынып жатыр. Қазақстанның әр бұрышынан кеңжүректі ағайын жылу, көмек жинап, су басқан аймақтарға жіберуде.

Біздің білуімізше осы Төтенше жағдайды еңсеріп болған соң, Үкіметте және өңірлерде бірсыпыра адам креслоларымен қоштасуы мүмкін. Бұл анық. Ал қазіргі міндет — тасқын суды тежеу. Ауыл-аймақтарды аман алып қалу. Ең бастысы — адамды аман алып қалу.

 

Нұргелді Әбдіғани
“Abai.kz” ақпараттық порталының бас редакторы