Нұрбек Саясат Нұр Отан партиясын жаңғырту жөнінде ұсыныс жасады
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қадірлі әріптестер!
Ең әуелі барлық партияластар мен жақтастарды партияның құрылған күнімен құттықтаймын. Бүгін көктемнің беташар күні, бүгін Алғыс айту күні!
1999 жылдың 1-наурызында партияның құрылтай Съезі ашылып, оған 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Одан бері партия мүшелерінің саны 800 мыңға дейін өсті.
Бүгін көптеген пікірлер айтылуда, тіпті партияны тарату керек деген. Саясаттанушы ретінде айтарым — мемлекет жүйесі, саяси жүйесінің негізгі элементі, тұтқасы — саяси партия болып табылады.
Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, басты қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген партиямыздың осы жылдары мемлекеттілікті нығайтуға сіңірген еңбегін жоққа шығару мүмкін емес, қадірлі ағайын.
Міне, арада 23 жыл өткен соң біз еліміз бен партиямыздың тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрмыз.
Құрметті отандастар, бүгін баршамыз көршілес елдер секілді үлкен жолдың қиылысында тұрмыз — біртұтас ұлт ретінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әрі қарайғы даму құқығымызды дәлелдейтін кез келді. Жағдай күн санап өзгеруде, мемлекеттік жүйені бұрын-соңды болмаған күйзеліске ұшыратқан жайы бар.
Жаңа ғана атқарушы хатшы Асхат Оралов айтып өткендей, «Nur Otan» партиясы қайтадан түлеп, «Жаңа Қазақстан» стратегиялық моделіне өз болмысымен, өз ісімен үлгі болуы тиіс. Заман өзгерді, ел өзгерді — Партияның да түбегейлі өзгеретін кез келді, тіпті атауы, құрылымы, жұмыс моделі де өзгеру керек!
Құрметті партияластар! Мені жақсы білесіздер, 2007 жылдың басында оқудан орала салысымен партия қатарына қосылдым. Партия мүшелерінің екінші буыны деуге болады, орталық аппаратта қызмет еттім, көпшілігіңізбен бірге жұмыс істедік.
Қадірлі әріптестер, Жеке басымнан сіздерге деген үлкен өтінішім, Қазіргідей уақытта партияның ұйытқылары, белсенділері, ардагерлері, барлығымыз күш біріктіруіміз керек!
Партия модернизациясы аясында бір-екі ұсынысым бар.
Біріншіден, қоғаммен байланысты, коммуникация жасауды желілік принциптерге көшіру керек, «цифрлық демократияны» дамыту үшін заманауи технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек.
Екіншіден, партия қоғамның сұранысына анықтауға бірқатар құралдары бар — Қоғамдық қабылдаулар — партия мүшелері — Бастауыш партия ұйымдары. Бірақ келіп түсетін мәліметтердің кең ауқымы пайдаланусыз қалып жатыр. Бұл үшін партия жұмысына «Big Data» технологиясын енгізу қажет, ол ақпараттық құралдарды бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.
Бұл технологиялар қоғам үшін дәл қазір өзекті проблемалар туралы нақты ақпарат алуға, оларды зерделеуге және оңтайлы шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Соңғы бірнеше жылда жеке компанияда білім саласында жобаларды жүзеге асырумен айналыстым. Бірақ дәл қазір жеке мүддені ысырып қойып, Халық мүддесі үшін жұмыс істеу керек деп білемін.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, есіңізде болса алдынғы жылы Ұлттық кеңестің отырысында мен сізге өз замандастарымның атынан ұсыныс білдіріп, ел үшін халық үшін Бізді отқа тастаңыз деп айтқан едім.
Назым Хикмет айтқандай:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ.
Ендеше жаңғыруға бет алған партиямыздың барша мүшелерін Президентіміздің төңірегіне топтасып, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосуға шақырамын!
Өсек-аянның құрбаны болмай,
Озбырлардың шұлғауы болмай,
Елімізге ырыс-құт орнасын,
Жерімізге тыныштық орнасын!
Аман болайық! Назарларыңызға рахмет!