Нұр-Сұлтандық белсенді «интернет еркіндігін» талап етіп, бір адамдық пикет өткізді

0

Жұма, 26 шілдеде Нұр-Сұлтан тұрғыны Анна Шүкеева бір адамдық пикетке шығып, биліктің қолданушыларды қауіпсіздік сертификатымен қамтамасыз ету туралы даулы жоспарына қарсы шықты. Бөгенбай мен Жеңіс көшелері қиылысында «Еркін интернет — еркін Қазақстан» деген жазуы бар плакат ұстаған Шүкеева «қауіпсіздік сертификаты» туралы соңғы кезде шыққан жаңалықтарға алаңдап отырғанын жеткізді.

Шілде айының басында Шүкееваның үйінде полиция тінту жүргізіп, оны Telegram-чатта «рұқсат етілмеген митингіге шақырды» деп айыптап, кейіннен шамамен 88 мың теңге (шамамен 230 доллар) көлемінде айыппұл салған. Белсенді өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы мен оның чатына еш қатысы жоқ екенін айтады. Ол Instagram-да жазған жазбалары үшін қудаланып отырмын деп санайды.

«Мен өзімді тек интернеттің арқасында өзімді қорғап қалдым, болған жайтты әлеуметтік желіде жаздым» деді ол.

Ол осы акция болатыны жайлы тек бір сағат бұрын ғана әлеуметтік желіде жазған еді. Акцияны шамамен ондаған журналист бақылап, кейбір белсенді тікелей эфирден хабар таратты.

Шамамен он минут өткен соң Шүкеева Жеңіс даңғылы бойындағы тротуармен жүріп, «интернетке бостандық» деп айқайлады. Кейінірек прокуратура және әкімдік өкілдері келіп, одан акцияны тоқтатуды талап етті. Бейбіт жиын өткізу туралы ережені түсіндірді.

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі Ерлан Өтеулиев және Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі Әсет Дошаев (телефонмен тұр) Анна Шүкеевамен сөйлесіп тұр. 26 шілде 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі Ерлан Өтеулиев және Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі Әсет Дошаев (телефонмен тұр) Анна Шүкеевамен сөйлесіп тұр. 26 шілде 2019 жыл.

Прокуратура мен әкімдік өкілдері кеткеннен кейін белсенді плакатын жинап, кетіп қалды.

Сарапшылардың пікірінше, қауіпсіздік сертификаты қолданушылардың интернетке кіру мүмкіндігін шектеп, олардың жеке деректеріне қол жеткізуді, бақылауды оңайлатады.

Ал байланыс операторларының айтуынша, қауіпсіздік сертификаты орнатылмаған кез келген планшет не смартфонның жекелеген интернет-ресурстарына кіруі шектелуі мүмкін. Астаналық қолданушылар өткен аптадан бері көп сайттар мен желілерге кіре алмай жүргенін айтып келеді. Қазақстан билігі қауіпсіздік сертификатын орнату қолданушылардың ақпараттық қауіпсіздігі үшін қажет екенін айтады.

Azattyq