Нұр-Сұлтандағы қатаң карантин: Көлгінов үндеу жасады
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорда тұрғындарына коронавирусқа қатысты үндеу жасады.
Әкім өзінің Instagram парақшасында «карантиннің жеңілдіктері туралы әңгіме болуы мүмкін емес» деп жазды, өйткені COVID-19 жұқтырғандар саны өсуде (11 қарашадағы жағдай бойынша 47 науқас). Алтай Көлгінов жағдайдың ауырлығын әркім түсінуі керек екенін атап өтті.
Айтуынша, оперштаб отырысында негізгі мәселелер қаралды.
Біріншіден, полиция қызметкерлері мен санитарлық дәрігерлер рейдті күшейтуге және карантинді бұзу фактілерін анықтауға көшті.
Бұл санитарлық ережені елемей, бүкіл қаланың өміріне қауіп төндіретін немқұрайлы кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға болуы тиіс. Түнде ойын-сауық мекемелерінде жүрген тәртіп бұзушы азаматтардың, әсіресе аға буынның денсаулығына қатер тудыратынын түсінбейді.
Екіншіден, медициналық мекемелер қосымша жабдықтармен, қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмектермен және т.б. жабдықталған. Біздің медицина қызметкерлері тәжірибе жинақтады, кадрлық резерв қалыптастырылды. Материалдық-техникалық база дайын, бірақ бір мезетте басталса, дәрігерлер бәріне жетпей қалады.
Үшіншіден, ПТР-зерттеуі көбірек қамту үшін Көпсалалы қалалық ауруханалардың қабылдау бөлмелерінде және стационарлардың акушерлік блоктарында изотермиялық шағын-зертханалар ашылды. Бұл басқа аурулар бойынша шұғыл түрде түскен пациенттер арасында коронавирустық инфекция тасымалдаушыларын анықтауға және уақтылы ем көрсетуге мүмкіндік береді.
Төртіншіден, коронавирусқа биоматериал алу зертханаларының саны 15-ке дейін өсті. Зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 10 мыңнан астам зерттеуді құрайды.
Бесіншіден, барлық қалалықтарға қызмет көрсететін автобус парктері, қаланы санитарлық тазалаумен және абаттандырумен айналысатын коммуналдық кәсіпорындар, сондай-ақ ЖЭО, «Астана су арнасы», «Астана-АЭК» және басқалары сияқты қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды объектілер ерекше бақылауға алынды. Біз олардың қызметкерлерін тексеріп отырамыз», — деп жазды ол.