Нұр-Сұлтандағы апатты жоюға атсалысқан жұмысшылар марапатталады
2019 жылдың 10 қарашасында елордада кабель желісі зақымданып, «Левобережная» қосалқы станциясынан өрт шықты. Апат салдарын жоюға 16 маман мен 6 арнайы техника жұмылдырылды
НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл қаладағы апатты жоюға атсалысқан жұмысшылар марапатталатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде жедел комиссия құрылған.
«Қала басшысы оқиға орнына әрбір 2 сағат сайын барды. Ол болған жағдайды біліп отырды. Қазіргі уақытта 1,5 тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеген мамандарға сыйақы беру туралы тапсырма берілді», — деді ол.
Ернат Бәзілдің айтуынша, олар түнде -18 градус суықта жұмыс істеген.
«Соған қарамастан мамандар өз жұмысын тиісті деңгейде атқарды», — деді Ернат Бәзіл әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзін «Астана – Аймақтық электржелілік компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Серік Балқышев толықтырды.
«Қарапайым жұмысшылар түні бойы апат салдарын жоюмен айналысты. Бұл инженерлік-техникалық мамандар емес, қарапайым жұмысшылар. Қазіргі таңда қала әкімі жұмысшыларды марапаттауды тапсырды. Алдағы айда 16 адам марапатталады», — деп түйіндеді сөзін басқарма төрағасы.
Нұр-Сұлтан қалай жарықсыз қалды?
Сол жағалаудағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар, соның ішінде Ақорда, Nur Otan, үкімет, сенат пен мәжіліс, министрліктер үйі, Жоғарғы сот бір тәуліктен аса уақыт жарықсыз қалды. Оған «Левобережная» қосалқы станциясындағы апат себеп болған. Белгілі болғандай, станцияның қосалқы каналынан өрт шыққан. Өрт сөндіру бригадаларын тоқ соқпауы үшін кабель желісіне қосылған тұтынушылар тоқтан ажыратылды.
Тағы оқыңыз: Тоқаев жарықтың сөнуіне кінәлілерді анықтауды тапсырды
11 қараша күні таңертең қала билігі апат салдары жойылып, бірқатар үй мен әкімшілік ғимараттарға жарық берілгенін хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке арнайы комиссия құрып, кінәлілерді анықтауды тапсырды.
Ішкі істер министрлігі апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
sputniknews.kz