Нұр-Сұлтанда жыл соңына дейін 2000-ға жуық отбасы тұрғын үймен қамтылады

0

Биыл әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен 8 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған

НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. 2020 жылы елордалық 2 мыңға жуық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Бұдан бөлек, мұқтаж отбасыларға тұрғын үйді сатып алудағы көмек жергілікті бюджет есебінен де жүзеге асырылады. Бағдарламаның әрбір қатысушысына 1 миллион теңге  мөлшерінде тұрғын үй сертификаттары бөлінеді.

Өткен жылы бағдарлама аясында елордалық 721 отбасы тұрғын үймен қамтылған. «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңін наурыз айына жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

Тағы оқыңыз: Министр зейнетақы жинағындағы ақша қандай сомадан бастап берілетінін айтты

Тұрғын үйге үміткер азаматтар санатына көп балалы, толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелейтін отбасылар жатады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Тұрғын үй беру бойынша азаматтарды есепке алу бөлімінің басшысы Данияр Балтиннің айтуынша, қарыз 2%-бен беріледі,  яғни отбасы 10 миллион теңге қарыз алса,  ай сайынғы төлем 20 жылға шаққанда 50 мың теңгені құрайды. Ал артық төлем 2 миллионға тарта теңгені құрайтын болады.

Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге қаражат бөлінгендігін атап өткен жөн.

Осы жылы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен 8 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

 

 



sputniknews.kz