Нұр-Сұлтанда жүзге жуық көп балалы ана тағы жиналды
Нұр-Сұлтанда 4 маусым күні түстен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік корғау министрлігіне жүзге жуық көп балалы ана келді. Оқиға орнынан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, аналардың дені 3 маусымда Ақорда мен үкімет үйінің алдына жиналып, биліктен баспана сұрағандар. Дүйсенбіде алты сағатқа жуық уақыт жалғасқан наразылықтан кейін аналарға Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев шығып, арыз-өтінішін тыңдады.
Сағынтаев наразыларға тиісті сала мамандарының қатысуымен сейсенбіде кездесуді ұсынып, көп балалы аналар мәселесімен айналысып жатқан жұмыс тобы есеп береді деп уәде еткен.
Уәделі мерзімде аналарға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова шығып, президент әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың Ақордада шұғыл жиналысқа кеткенін хабарлады.
— Сіздер ұсынған бірнеше мәселені қарастырдық. Оның ішінде төрт және одан көп баласы бар аналарға «куәлік беру керек» дедіңіздер, бұл мәселе шешімін тапты, қазір елімізде 18591 көп балалы ана тиісті куәлігін алды. Баспана мәселесіне байланысты аналарды жеке категорияға бөлу, үлкен баласы 18 жасқа толғанда баспана тізімнен алып тастамауды сұраған. Бұл мәселе де оң шешімін тапты, тиісті заң 6 мамыр күні күшіне еніп, көп балалы аналардың барлығы жеке категорияға шығарылып, баласы кәмелет жасына толғанда тізімнен алып тасталмайды, — деді Светлана Жақыпова.
Бұған қоса ол ауылды жерде атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде қосалқы шаруашылықты, оның ішінде малды есептеуде өзгеріс енгізілгенін хабарлады.
— Барлық шаруашылықтан емес, тек екі сиыр немесе бес қой-ешкіден көп болса ғана табыс болып саналады, — деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова Қазақстанда 340 мыңнан аса көп балалы ана барын айтты. Жиынға жекелеген сала өкілдері де қатысып жатыр.