Нұр-Сұлтанда жарықсыз қалған тамақтану орындары жұмысын тоқтатты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Елордада жарықсыз қалған мейрамханалар мен дәмханалар жұмысын тоқтатып, шығындарын есептеуге кіріскен

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. «Левобережная» қосалқы станциясындағы апат салдарынан Нұр-Сұлтан қаласының орталығындағы тамақтану орындары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Көктем» дәмханасының әкімшісі Айнұр Қалиева жарықтың болмауынан 1,5 тәулікке жабылуға тура келгенін айтады. Осы уақыт аралығында кафедегі азық-түліктер бұзылып, ал қызметкерлер ақшадан қағылған. Себебі, олар жұмыс істемепті.

«Алғашында біз азық-түлікті мұздатқыш камерасында сақтадық. Онда 3 сағат сақтауға мүмкіндік болды. Тоңазытқышты генераторға кешкі сағат 5-те қостық. Сондықтан мұздатқыштағы азық-түлікті сақтай алсақ, тоңазытқыштағы тамақтарды сақтай алған жоқпыз. Азық-түлік бүлініп кетті. Әлі шығынды есептей алған жоқпыз. Ол үшін жарық қажет. Тозаңытқышты ашып, қарау керек. Дәмхана кешеден бері жабық тұр», — деді ол Sputnik Қазақстан тілшісіне.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

«Керуен» сауда орталығы

«Керуен» сауда орталығында орналасқан Del papa мейрамханасының қызметкерлері барлық азық-түлікті сақтап қалғандарына қуанышты. Мұнда бір тәуліктен астам электр энергиясы болмаған.

«Бізде шығын болған жоқ. Жарық болмаған соң, мейрамхананы жаптық. Азық-түлік бүлінбеді. Себебі, оларды басқа ғимаратқа жеткізіп, сонда сақтадық. Сондықтан шығынға батқан жоқпыз. Тек бір күнге толығымен жұмысты тоқтаттық. Кеше мүлдем жұмыс істеген жоқпыз», — деді мейрамхана қызметкері.

Тағы оқыңыз: Кінәлілер анықталады: Тоқаев мәлімдеме жасады

Сондай-ақ қаладағы элиталы ауданда орналасқан Best Western plus Astana 4 қонақүйінің өкілдері қиындыққа тап болғанын ашық айтты.

«Қиындықтар болды. Біздің жеке генераторымыз бар. Сондықтан бірінші қабатта жарық болып, лифт жұмыс істеп тұрды. Егер қонақтар электр құрылғысын қуаттандырып алғысы келсе, біз оларға көмектестік. Оларға таңғы асын бердік. Генератор жұмыс істеген соң, бөлмелер жылы болды. Қонақтарды жылы және суық сумен қамтамасыз еттік. Қонақүйден бір адам ғана кетті. Себебі, оған жұмыс істеу қажет болды», — дейді қонақ үйдің өкілі Камиль Каримов.

«Левобережная» қосалқы станциясындағы апат

Айта кетейік, 10 қарашада кабель желісі зақымданып, салдарынан «Левобережная» қосалқы станциясының кабель каналынан өрт шықты. Апат түнгі сағат 2-ден кейін басталған. Салдарынан елорданың сол жағалауында орналасқан үйлер мен кеңселер, әкімшілік ғимараттар жарықсыз қалған. Оның ішінде Ақорда, Nur Otan партиясының ғимараты мен «Әбу-Даби Плаза» ауданындағы тұрғын үйлер де бар.


©
Sputnik / Стрингер.

«Левобережная» қосалқы станциясындағы апат

15 адам мен 6 арнайы техника апат салдарын жоюға кіріскен.

Ал 11 қараша күні таңертең Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі апат салдары жойылғанын хабарлаған. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың басым бөлігінде жарықтың сөніп қалуына әкеп соқтырған апатты жағдайға байланысты үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды.

 



sputniknews.kz