Нұр-Сұлтанда жаппай төбелес кезінде екі тұрғын көз жұмды: 11 адам ұсталды

0

Тергеушілердің айтуынша, қарызды қайтармаудан ушыққан жаппай төбелес фактісі бойынша 11 адам ұсталған

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаппай төбелеске қатысты деген күдікпен 11 адамды тергеуде. Жанжал салдарынан екі ер адам қаза тауып, тағы бірі атыс қаруынан жарақат алды, деп хабарлады елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға бетон зауыты аумағында кеше, 22 желтоқсанда болды. Тәртіп сақшылары анықтағандай, қарызды қайтармаудан ушыққан жанжал жаппай төбелеске ұласқан.

Аталған факті бойынша 11 адам ұсталды. Қақтығыс кезінде суық қару мен атыс қаруы қолданылған.

«Екі ер адам ауруханаға жеткізілді. Оның біріне – оқ, ал екіншісіне – пышақ жарақаты диагнозы қойылды. Өкінішке қарай, екеуі де алған жарақат салдарынан қайтыс болды. Сәл кейінірек, жаппай төбелестің тағы бір қатысушысы оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.

Қазіргі кезде тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.