Нұр-Сұлтанда полиция «Настоящее время» тілшісі Светлана Глушкованы ұстады

0
43

Наурыздың 31-і күні кешке қарай «Настоящее время» тілшісі Светлана Глушкованы Астана әуежайында полиция ұстаған. Facebook-тағы парақшасында тікелей эфир жүргізіп жатқан тілші өзінің әуежайдағы полиция бөлімшесінде екі сағаттан астам отырғанын айтады.

«Бұл «мені ұрды» деп айыптаған студенттің арызы бойынша Шапағат маңында болған ұстаумен байланысты іс. [Астана қалалық полиция департаменті] Бастығының орынбасары Бақытжан Майлыбаев мені ұстау туралы бұйрық берген» деп түсіндіреді Глушкова тікелей эфирде.

Видеода журналист жанында бірнеше полиция қызметкерінің жүргені көрінеді. Олар журналиске камераға түсіруге тыйым салып, «іс материалымен танысып шықтым деп қол қойыңыз» деп айтады.

Ал Светлана Глушкова іс материалын адвокатсыз қараудан бас тартып, көшірмесін беруді сұрайды.

«Не себепті полицейлер адамды ұстап, оны ұстау туралы бірде-бір құжат көрсетпейді?» дейді журналист видеода.

Оқиғаны тікелей эфирде бақылап отырған құқық қорғаушылар, белсенділер, қарапайым азаматтар журналиске заңдық тұрғыда көмектесіп, қолдау көрсетіп жатыр.

Астана қалалық полиция департаменті әзірге оқиғаға байланысты жауап бермеді.

Azattyq