Нұр-Сұлтанда полиция митинг орнын қоршап, тағы азаматтарды ұстады

0

Нұр-Сұлтанда Республика және Сейфуллин көшелері қиылысы аумағында полиция сайлау мен үкімет жұмысына қарсылық танытқан шерушілерді күшпен таратты. Жүзден астам адам «Оян, қазақ!», «Сайлауға бойкот!», «Масқара!» деп айғайлап, әлеуметтік көмекті ұлғайту қажеттігін айтты. Наразылар арасында сайлауды жақтаушылар да болған.

Оқиға орнына прокуратура өкілдері келгеннен кейін арнайы киім киіп, резеңке таяқ ұстаған сарбаздар Республика даңғылы бойынша қозғалып, шерушілерді ұстай бастаған. Наразылардың бірі кері шегінген. Арнайы жасақ өкілдері ұсталғандарды бірнеше автобусқа отырғызып, әкетіп отырған.

Бұл кезде әуеде ұшып жүрген дрондар да байқалған. Республика және Сейфуллин көшесі қиылысынан Абайға дейінгі аумақты кешкі 19.00 шамасында полиция жауып қоршап тұрды. Екі аумақтың ұзақтығы шамамен 400 метрді құрайды.

Қарай отырыңыз: Сайлау күнгі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ұстаулар (9.06.2019).

Оқиға орнында мобильді байланыс үзілген. Полиция автобустарынан бөлек, мұнда ұлттық гвардия жасақтарының автобустары, байланысты өшіру құрылғылары орнатылған көліктерге ұқсас техника тұр.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Осы күні Алматыда жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға қарсылық танытты. Кем дегенде жүз адамды полиция ұстап әкетті. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматыда сайлау күні жүз шақты адам ұсталғанын хабарлады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

Azattyq