ІІМ ұсталғандардың бірі қаза болды деген ақпаратты жоққа шығарды

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

Ішкі істер министрлігі жалған ақпарат таратқан адамдарды іздеп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі санкцияланбаған митингіде ұсталу кезінде ер адамның қайтыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілмеген митингіге қатысқан егде адам есінен танып қалыпты. Қоғамдық тәртіпке жауапты полиция қызметкерлері бірден жедел жәрдемді шақырған екен. Дәрігерлер келгенше алғашқы көмек те көрсеткен.

«Соның арқасында ер адам есін жиып, дәрігерлердің көмегімен өзі жүріп кетті. Тәртіп бұзушыларды ұстау кезінде бір ер адамның қайтыс болғаны туралы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Полиция қызметкерлері халыққа қарсы арнайы құрал-жабдықтарды қолданған жоқ», — дейді Ораз.

Министрлік өкілі жалған ақпарат тарату үшін қылмыстық жазаның бар екенін еске салып, осы жайтқа қатысы бар адамдардың іздестіріліп жатқанын жеткізді.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүздеген адам митингіге шықты — ІІМ

Ал елорда әкімдігі есінен танып қалған ер адамның мас болғанын хабарлады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, бейнежазбадағы ер азамат мас күйде құлаған жерінен табылды.

«Жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Тұрғынды ауруxанаға жатқызу қажет болмады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша рұқсат етілмеген митинг кезінде қаза тапқандар тіркелген жоқ», — деп атап көрсетті әкімдіктің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

Әкімдік қызметкері дәрігерлердің жазып берген қорытындысын да көрсетті. Оған сәйкес, есінен танып қалған ер адамнан алкоголь иісі мүңкіп тұрған. Мас екені жүріс-тұрысынан білінсе керек. Ер адам ауруханаға жатудан бас тартады, ал оны күштеп жатқызудың қажеті болмапты.



sputniknews.kz