Нұр-Сұлтанда LRT құрылысына қатысты тағы шу шықты
Нұр-Сұлтанда құрылысы тоқтап тұрған жеңіл рельсті көлік желісіне қатысты тағы шу шықты. Бұл жолғы дау Есіл өзені арқылы өтетін LRT көпірінің өткеліне қатысты, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы өзенді жасанды жолмен қаққа бөліп, құмнан өткел тұрғызу заңға қайшы дейді. Бұл судың ағыны мен оның сапасына зиян келтіретін көрінеді. Құрылысы аяқсыз қалған көпірдің расымен Есілге кесірі тиді ме?
Есіл өзенінің нақ ортасындағы дамбы өзенді қаққа бөлген. Мұндағы темір бағаналар атышулы LRT, яғни жеңіл рельсті көлік желісінің көпірін тұрғызуға арналған. Олардың бой көтергеніне бес жылдың жүзі болды. Алайда экологтар биыл ғана назар аударып, алаңдаушылығын білдіріп отыр. .
Эколог Лаура Мәлікова судың лайланып, мүңкіген иістің пайда болуына дәл осы құрылыс себеп болды деп біледі.
«Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің департаменттері, жергілікті департаменттер тексеріс жүргізіп, осы мәселенің шешімін қолға алуы керек. Яғни біз өзенді осылай қақ ортасынан бөліп, табиғатқа қиянат жасамауымыз керек. Бұл біздің заңдарымызға да қайшы», — дейді тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова.
Жалпы, Су кодексіне сәйкес, өзеннің жағалауынан 35 метрге дейін қорғаныс аймағы құрылуға тиіс. Өзен экологиясын сақтау мақсатында онда қандай да бір шаруашылық мақсаттағы жұмыс жүргізуге тыйым салынған. Ал мына жерде жағалау тұрмақ, Есілді жасанды жолмен қаққа бөліп, құмнан өткел тұрғызған. Сол себепті эколог ереженің өрескел бұзылғанына сенімді. Алайда құзырлы орган мамандары олай санамайды.
«ЛРТ компаниясына аумақтық бассейндік инспекциясы құрылыс жүргізуге тиісті рұқсатын берген. Су кодексінің нормаларына сәйкес, өзен үстінен өтетін көпір, өткел немесе коммуникациялық желі салуға тыйым салынбаған. Оған қоса жобалау сатысында атқарылған жұмыстар әу бастан біздің келісіммен жүргізілді. Көпірді тұрғызуға қажет техниканы өткізу үшін бұл өткел уақытша ғана салынған», — дейді Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев.
Өзен арқылы өтетін көпір тұрғызу үшін астынан құбыр өткізіп, үстін құммен жабу – бұрыннан қолданылатын тәсіл. Оның техникалық талаптарын Есіл бассейндік инспекциясы қатаң қадағалайды.
Ведомство мамандарының пікірінше, «өткелдің салдарынан су деңгейі төмендеді» деу әбестік. Жалпы, өзен қорының 90%-ін еріген қар суы құрайды. Ал ол су арнайы бөгенде жиналады.
Өткелдің астынан ұзындығы 20 метр болатын он шақты құбыр өткізілген. «Әрқайсысының диаметрі – 1,5 метр. Сондықтан өзеннің ағысына еш бөгет жоқ», – дейді LRT құрылысына жауапты ұйым өкілі.
«Осыдан бірнеше күн бұрын ғана геодезиялық түсірілім жасадық. Су деңгейі осы өткел тұрғызылғанға дейінгі деңгеймен салыстырғанда бір сантиметрге ғана төмендеген. Яғни бұның бәрі қалыпты жағдай. Еш мәселе жоқ. Сондықтан өткелдің құрылымы қандай да бір зиян келтірді деуге келмейді», — дейді LRT желісінің құрылыс жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Алмас Әбсәлімов.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жылдағы мониторингін жүргізіп, Есілдің қатты ластанғанын анықтаған. Судың түсі өзгеріп, химиялық құрамы нашарлай түскен.
«Есілдің су сапасына негізі су қоймасындағы тазару процесінің нашарлағаны әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ қалалық кәріз жүйесінен ағызылатын жаңбыр суынан да болуы мүмкін. Оған қоса жер үйлер мен кәсіпорындардан ағызылатын лай су да өзендегі судың сапасын нашарлатуы мүмкін», — деп түсіндірді қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық департаменті бөлімінің басшысы Әлсия Кашкенова.
Сонымен, өткелдің өзен экологиясына зиянын дәлелдейтін еш дерек жоқ. Оны анықтау үшін кешенді ғылыми зерттеу жүргізіліп, соның нәтижесі бойынша арнайы комиссия шешім шығаруы шарт. Ондай жұмыстың жүргізілуі екіталай. Айта кететін жайт, қазір көпір 45 процентке аяқталған. Алдағы айда бұл жұмыс қайта жанданса, құбыр мен құмнан төселген уақытша өткел келер жылы алынып тасталады. Бірақ бұл жоспардың да іске асатынына әзір кепілдік жоқ.