Алматыда емхана меңгерушісі ауыр қылмыспен ұсталды

0
1103

Алматыда вакцинация паспортын қолдан жасап сатқан емхана меңгерушісі мен оның қол астындағылар қызметкерлер ұсталды.

Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті.

“Пандемия кезеңінде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген карантин режиміне қарамастан, олар Алматы қаласы аумағында ақшалай сыйақы үшін 100-ден аса жалған вакцинация паспортын дайындады және сатты деген күдікке ілінді. Сондай-ақ вакцина алу журналына және ДСМ «Вакцинация» электронды модуліне әдейі жалған ақпарат енгізген. Соның негізінде egov.kz электронды үкімет порталында коронавирус инфекциясына қарсы жалған электронды вакцинация паспорттары толтырылған», – делінген агенттік хабарламасында.

Ведомство өкілдері қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын алға тартты. Күдіктілерге қатысты шешімді олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып сот шығарады.