Нұр-Сұлтанда балконнан «Бойкот» деп айқайлаған белсенді екі тәулікке қамалды
25 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік соты үйінің балконынан «сайлауға бойкот» деп айқайлаған Дархан Өмірбаевты «заң қызметкерлеріне бағынбады» деп айыптап, екі тәулікке қамады.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік сотының судьясы Нұржан Қайырбек оның әкімшілік құқықбұзушылыққа бірінші рет тартылып отырғанын айтып, сол себепті жазаны жұмсартқанын және үкімнің бірден орындалатынын жариялады. «Сот қаулысы бірден қолына тапсырылып, оған он күн ішінде шағымдануға болады» деді судья.
38 жастағы Дархан Өмірбаевтың Азаттықа айтуынша, 20 мамыр күні адвокатының іссапарда болуына байланысты сотты кейінге қалдыру туралы арыз жазғанына қарамастан, оны «соттан қашып жүр» деп көшеден ұстап, сотқа әкелген. Сотқа оны қолдап келген оннан астам азаматтық белсенді қатысты.
Дархан Өмірбаев сотта 17 мамыр күні көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмекті ала алмағаны үшін қапаланып, балконға шығып, Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде микрофоннан әділ сайлауды талап етіп, айқайлағанын айтты.
— Содан соң сырттағы балалар менің далаға шығуымды сұрады. Сыртқа шығып көршілерден, есік алдындағы адамдардан сайлау туралы пікірін сұрадым. Сол кезде полиция өкілдері келіп, киімімді киюге де мүмкіндік бермей, қолымды бұрап алып кетті. Олар маған көмектесуге келген әйелімді қорқытып, оған электршокер қолданды, — деді ол.
Бірақ оны ұстап алып кеткен полиция лейтенанты Мансұр Жағыпаров сотта оның айтқандарын жоққа шығарды. Оның сөзінше, полиция пунктіне екі хабарлама түсіп, ішімдік ішкен адамның кішкентай балаларға тиісіп, балконнан сайлау, президент туралы неше түрлі айтып жатқанына шағымданған.
— Мен үш рет заң атымен айтамын дедім. Ол бағынбаған соң күштеп полиция бөлімшесіне алып кеттік. Бірақ мен оған да, әйеліне де электрошокерді қолданғаным жоқпын, — деді полиция қызметкері Мансұр Жағыпаров сотта.
Адвокат Бауыржан Азанов Дархан Өмірбаевтың кінәсін анықтау үшін оның үстінен шағым түсірген тұлғаларды, полиция өкілдері мен оған талдау жасаған нарколог дәрігерлерді сотқа шақыруды сұрады. Судья оның арызын жартылай қанағаттандырып, тек полиция өкілінен ғана жауап алды.
Прокурор Ж. Түстікбаев Дархан Өмірбаевтың әрекетінің дұрыс бағаланғанын айтып, оған екі тәулік беруді сұрады.
Адвокат Азанов Өмірбаевтың кінәсіз екендігін алға тартып, оған қатысты әкімшілік істі тоқтатуды талап етті.
Өмірбаевты полиция бұған дейін де басқа адамдармен бірге рұқсат етілмеген митингке қатысты деген күдікпен 22 наурыз бен 9 мамырда ұстап, оның ұялы телефонын алып қойған. Бірақ кейін оны полиция бөлімшесіне апарған соң босатып жіберген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл елді 30 жыл бойы үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайтын бірінші сайлау. Нұрсұлтан Назарбаев биылғы наурызда өзінің отставкаға кететінін жариялағанымен билікке ықпалын жоғалтқан жоқ.
Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде жеті кандидатты тіркеді. Қазақстандықтар арасында соңғы кезде сайлаудың әділ әрі ашық өтуін талап еткендер қатары көбейіп келеді.