Нұр-Сұлтанда әйелін өртеп жіберген ер адамның қайынағасы шындықты айтты   

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Әйеліне бензин құйып өртеген Сапарбек Өмірбеков 15 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. Қоғамның үрейін туғызған іс сотта қаралып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Елордада әйеліне бензин құйып өртеген ер адам сот алдына келді. Прокурорлар сотталушыны мұндай адам шошырлық іске алдын ала дайындалған дейді. Бірақ күдікті бұл айыппен келіспейді.

Сот залына жиналған екі құдағидың бір-біріне қарағысы жоқ. Екеуі де қайғыдан қан жұтып отыр. Бірі қызынан айырылса, екіншісі темір тордың ар жағындағы баласына алаңдаулы. Оқиға былтыр 6 қазанда болды, деп хабарлады КТК.

Прокурордың сөзіне сенсек, күдікті Сапарбек Өмірбеков елорданың шеткері ауданы маңына әйелін апарып, үстіне бензин құйып өртеп жіберген.

«Өмірбеков Нұр-Сұлтан қаласы Тілендиев көшесінің бойында орналасқан «Сәлем» базарына барып, екі литр көлемінде тез тұтанатын бензин қалпындағы жанармайды алдын ала сатып алған.  Жанармайды Урзабекованың басынан төмен қарай шашып төккен», — дейді прокурор Алмат Сембі.

Сөйтіп қылмыс орнынан із суытқанымен, кейін полицейлерге өзі беріліпті. Сол арада күдікті туысқанына да телефон шалған. Жан жарын о дүниелік қылғанын да айтып берген. Ал жәбірленуші ретінде отырысқа келген марқұмның інісі отбасылық жанжалдың бұған дейін де болғанын жасырмады.

«Алдында әпкемді ұрып-соққан, бұған дейін де сондай жағдайды істемекші болған. Әпкем маған айтты: «бір мәрте мені қылқындырып өлтіргісі келді» деген болатын», — дейді марқұмның інісі Батырхан Урзабеков.

Ал Урзабекова Қаракөздің ағасы Асқар күйеубаласының жазасын жеңілдетуге жасаған қитұрқы әрекетін жайып салды. Оның сөзінше, Сапарбектің құжаттарында «психикалық ауытқуы бар» деген анықтама көрсетіпті.

«Сәл жеңіл болады деп істеген ғой. Мен бұны байқап қалдым. Байқамағанда, психикалық ауруымен ауырады деп іс бітіп кететін еді. Оны кейін дәлелдей алмаймыз. Мен әділ, қатаң түрде өз жазасын алсын деймін», — дейді марқұмның ағасы Асқар Урзабеков.

Еске салып өтейік, денесінің 75 пайызы жанып кеткен әйел төрт тәуліктен соң көз жұмды. Уақытша қамауда отырған алты балалы әке Сапарбек Өмірбеков «аса қатыгездікпен адам өлтірді» деп айыпталып отыр. Қылмыстық кодекстің 99-бабымен сотталушы 15 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. Қоғамның үрейін туғызған іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралуда. Ендігі сот жарыссөзі 11 наурыз күні өтеді. Ол кезде сотталушының өз нұсқасы тыңдалады.



sputniknews.kz