Нұр-Сұлтанда 11 мамырдан кейін автобус жүруі мүмкін – әкім

0
20

Карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін қоғамдық көліктердегі ереже өзгереді: маска тағу керек, қолғап киген жөн, деді Алтай Көлгінов

НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Егер эпидемиологиялық жағдай тұрақтанса, 11 мамырдан кейін елордада қоғамдық көліктерді жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.

«Біз мемлекеттік комиссияға төтенше жағдай аяқталғаннан кейін 11 мамырда қоғамдық көлікті жүргізуді ұсынамыз. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, келісіп шешеміз. Жағдайды бақылап отырамыз», – деді Көлгінов «Астана» телеарнасындағы тікелей эфирде.

Ол төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін автобуста жаңа талаптар енгізілетінін атап өтті.

«Жүргізуші қоршалады. Қолма-қол ақшасыз төлемдер, карталар, жол жүру билеті қазір өзекті. Адамдардың байланысын азайту керек. Міндетті түрде маска киіп, антисептик алып жүру керек, мүмкіндігінше қолғап болуы тиіс», – деп атап өтті Көлгінов.

Әкім сондай-ақ автобуста фейс-бақылау арқылы жолақы төлеу жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Адамның жүзін есте сақтап қалатын бағдарлама бар. Камераға қарасаңыз болғаны, сізден ақша алынады. Бірақ бұл әзірге пилоттық режимде жұмыс істейді, уақыттың алдына түскім келмейді, кемшіліктер табылса, түзетеміз», – деді қала басшысы.

Оқи отырыңыз: Бас санитар дәрігер карантинді жеңілдетуге болатынын мәлімдеді

Көлгінов халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарланып отырғанын да айта кетті.

«Жаңа талаптар енгізіледі, арақашықтық – 1,5-2 метр. Периметрін сыздық. Оны арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында, банктерде, дүкендерде сынап көрдік. Біз кезекте тұруды үйренуіміз керек. Бұл маңызды мәдениет», – деді ол.

Бұған дейін Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін қоғамдық көліктерде міндетті түрде дезинфекция жасалатынын мәлімдеді.



sputniknews.kz