Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де белсенділер орталыққа жиналды

0

16 желтоқсанда Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де белсенділер орталыққа жиналып, Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, құран бағыштады, деп хабарлайды azattyq.org басылымы.

Шымкентте ондаған адам Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш маңына барды. Шара кезінде әлі күнге дейін екі оқиғаға да дұрыс саяси баға берілмегені айтылды. Жиналғандардың арасында қала тұрғындары мен белсенділер, Желтоқсан оқиғасына қатысқандар болды.

— Желтоқсаншылар елі, жері, ұлты үшін жаны ауырып, алаңға шықты. Алаңда қаншасы таяқ жеп, жан тапсырғанын әлі білмейміз. Жүйе өзгеріп, желтоқсаншылардың арманы орындалады, — деді азаматтық белсенді Шаруа Пірмат.

Шымкентте еске алу шарасына келген белсенділер. 16 желтоқсан 2020 жыл.
Шымкентте еске алу шарасына келген белсенділер. 16 желтоқсан 2020 жыл.

Желтоқсаншы Карл Исаевтың айтуынша, Шымкент қаласында Желтоқсан оқиғасына байланысты ескерткіш орнату, саябақ не аллея ашу жөнінде қала әкімдігіне ұсыныс айтылып, хат жазылған. Бірақ қала әкімдігі «сырғытпа жауап» берген.

— Келесі жылы Желтоқсан оқиғасына — 35 жыл, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Ескерткіш орнатып, саябақ не аллея ашуға рұқсат берсе қаражат жағын өзіміз шешетін едік, — деді желтоқсаншы.

Еске алу шарасына келген белсенділердің бірі, республикалық «Зияткер — Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы «10 жыл, 50 жыл тарих үшін аз уақыт. Тарихтан ешбір жайды жасырып қалу мүмкін емес, уақыты келгенде бұл оқиғаларға өз бағасын алады» деді.

Жиналғандарды ондаған полиция жан жақтан қоршап, күзетіп тұрды. Елде Тәуелсіздік күні аталып жатқан күні қала көшелерінде полиция күзеті күшейді.

Осыған ұқсас шара Нұр-Сұлтанда да болды. Мұнда таңертең 30 шақты адам орталық саябақтағы ту ілінген жерге келіп, гүл шоқтарын қойып, оқиға құрбандарына құран бағыштады. Жиналғандардың арасында желтоқсаншылар да болды. Шараға келген азаматтық белсенді Бибігүл Тұяқова осы акцияға келгісі келген екі белсендінің түнде үймақамаққа алынғанын айтып, елде саяси қудалау жалғасып жатқанын айтты.

Шараны полиция күзетіп тұрды, бірақ өтуіне кедергі келтірген жоқ.

16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған. 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде 17 адам көз жұмған.

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.