Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүздеген адам митингіге шықты
Қысқа сілтеме алу
Қазақстанның екі қаласында жүздеген адам алаңдарға жиналды
НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым — Sputnik. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында сайлау күні санкцияланбаған митингіге шыққан жүзге жуық адам ұсталды. Бұл туралы ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев айтты, деп хабарлайді Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Сайлау учаскелерінде жағдай тұрақты. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелмеген, тыйым салынған ДВК экстремистік ұйымының шақыруымен жүздеген адам алаңдарға жиналды. Өздеріңіз білетіндей, бұл ұйымның қашып жүрген жетекшілері сайлау алдында жаппай үгіттеу шараларын жүргізген болатын. Ал журналистердің ұсталуына келетін болсақ, мұндай жайттар болса, біз шара қолданамыз», — деді Қожаев.
Вице-министр елорданың оң жағалауындағы кептеліс туралы сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, қозғалысқа бөгет жасаған адамдарды азайту үшін полиция қызметкерлері жолдарды жабуға мәжбүр болған.
«Бұл жол апатының алдын алу және жолдағы басқа азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалды. Кептеліс қашан бітетінін айта алмаймын», — деді Қазақстан ІІМ-нің өкілі.
Бүгін митингтер кезінде қанша адам ұсталды деген сұраққа былай деп жауап берді: «Білуімше, жүзге жуық адам».
Бұдан бұрын Бас прокуратура азаматтардан «заң талаптарын қалтқысыз орындап, арандатуға жол бермеуді және заңсыз акцияларға қатыспауды» сұраған болатын. Ішкі істер министрлігі президент сайлауы кезінде санкцияланбаған митинг ұйымдастырғандарға қарсы шара қолданылатынын ескерткен еді.
sputniknews.kz