ҰҚШҰ Парламент ассамблеясының бақылаушылары сайлауда заң бұзушылықтарды байқамаған

0

ҰҚШҰ халықаралық бақылаушылары Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы сайлау учаскелерін аралады

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым — Sputnik. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Парламент ассамблеясының бақылаушылар тобы елордадағы 50-ден астам сайлау учаскесінде болып, ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Таңертеңнен бері ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламент ассамблеясының бақылаушылар тобы, яғни Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның жоғары заң шығарушы органының атынан келген өкілдер Нұр-Сұлтан мен Алматыда өтіп жатқан сайлауға мониторинг жасады.

Олар сайлау учаскесінің комиссия мүшелерінің төрағаларымен қоғамдық ұйымдардың бақылаушыларымен әрі президентке үміткер кандидаттармен сөйлесті. Халықаралық бақылаушылар түскі сағат 14:00-ге дейін дауыс беру кезінде өрескел заң бұзу деректері тіркелмегенін айтады.

«Кабинаға бірден екі адам кірген жағдайлар болды. Оған байланысты ескерту жасалды. Бұл жағдай бойынша біз учаскелік комиссия төрағасымен сөйлестік. Олар адамдарға түсіндіруі қажет. Сондай-ақ пломба қойылмаған урналарға қатысты да ескерту жасалды. Бірақ оларға сүргі қойылған. Ол Қазақстан заңымен рұқсат етілген. Ең маңыздысы, бұл сайлау учаскесі ашылған кезде бақылаушының қатысуымен жасалуы керек.  Ал мұндай талап барлық жерде орындалды», — деді ҰҚШҰ Парламент ассамблеясы тобының координаторы, Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары Сергей Неверов.

Сондай-ақ халықаралық бақылаушы Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, дауыс беруге қазақстандықтардың белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

Сергей Неверов көптеген сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі дауыс берушілер үшін жеке кабинкалардың көп болғанын айтты. Оның пікірінше, бұл мүгедек жандардың сайлауға қатысу мүмкіндігін арттырады.

ҰҚШҰ Парламент ассамблеясы тобы координаторының айтуынша, халықаралық сарапшылар сайлау учаскелері жабылса да жұмыстарын жүргізе береді. Кейін олар жиналып, дауыс беру кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген-берілмегенін талқыға салады. Бақылаушылар Орталық сайлау комиссиясына арнайы акт өткізеді. Онда кезектен тыс президент сайлауында нені бақылағанын жазады.

Қазақстан президенті сайлауы

Бүгін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне 7 кандидатты тіркеді. Олар:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.



sputniknews.kz