Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай жағдайда карантин күшейтілетіні айтылды

0
0

Карантинге кірмеу үшін әрбір адам үйде де, жұмыста да, далада да барлық сақтық шарасын сақтауы қажет, деп атап өтті Айжан Есмағамбетова

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай жағдайда карантин күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Соңғы аптада анықталған науқастардың 30 проценті Нұр-Сұлтан мен Алматыға тиесілі.

«Иә, күнделікті өсім 7 проценттен төмен. Дегенмен, өз жұмысын бастаған нысандарда санитарлық нормалар сақталмайды. Мәселен, Нұр-Сұлтанда төтенше жағдайдан кейін ашылған нысандардың 53 процентінде тәртіп бұзушылық анықталды», – деді Есмағамбетова онлайн брифингте.

Оның айтуынша, санитарлар карантинді алып тастау, я болмаса, күшейту туралы шешім қабылдағанда науқастардың өсу көрсеткішін, нысандардың санитарлық нормаларды, ал халықтың бетперде кию, арақашықтықты сақтау тәртібін есепке алады.     

«Сондықтан қатаң карантинге кірмеу үшін әрбір адам үйде де, жұмыста да, далада да барлық сақтық шарасын сақтауы қажет. Бұның бәрін орындасақ, күшейтілген карантин болмайды», – дейді бас санитар дәрігер.

Ол әрбір облыстың бас санитар дәрігері өзі шешім қабылдайтынын атап өтті. Дегенмен, министрлік жалпы республикадағы және әрбір аймақтағы жеке-жеке санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылап отырады.

«Егер жаңағы тәртіп бұзушылықтар мен көрсеткіштер артса, онда тиісті шешімдер қабылдануы әбден мүмкін», – деп ескертті Есмағамбетова.  

Бас санитар Алматы облысында бір аптаның ішінде науқастардың өсу көрсеткіші 7 проценттен асқанын хабарлады. Сол себепті жергілікті санитар дәрігерлер тиісті шешім қабылдаған.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз