Нұр-Сұлтан бассейнінде жас қыз суға батып кетті. Кінәлі 8 жылға сотталуы мүмкін
Соттық-медициналық сараптама жүргізетін мамандар астаналық спорт кешеніндегі бассейнінде қыз баланың неден көз жұмғанын анықтап жатыр. Қайғылы оқиға өткен демалыста болды. Жас астаналық жанында нұсқаушы және тағы төрт жүзуші бола тұра батып кеткен. Алайда олардың ешқайсысы қыз баланың батқан сәтін байқамаған.
Марқұм туралы ақпарат аз. 21 жастағы қыз жаттықтырушысыз бір реттік абонент алған. Сол күні осы бассейнге бірінші рет келіп отыр. Марқұмның мәйітін бірінші болып нұсқаушы көрген. Ол жүрек массажын жасап, оны жасанды жолмен тыныс алдырған.
Алайда аруды өмірге қайтару мүмкін болмады. Келген дәрігерлер тек оның өлімін тіркеді.
«Бассейннен 1999 жылы туған қыздың денесі табылды. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы аталған фактіге сәйкес қылмыстық іс қозғады. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр», — деді Нұр-Сұлтан ПД баспасөз хатшысы Эльмира Шауленова.
Спорт кешенінің қонақтары қыз баланың жұмбақ жағдайда қайтыс болғанынан қатты қорқып қалған. Көпшілік бассейнде кездейсоқ батып кету мүмкін еместігін айтады.
Спорт кешенінің әкімшілігі оқыс жағдайға қатысты ешқандай пікір білдірмей отыр. Тергеу жүріп жатқан кезде қызметкерлерге қандай да бір ақпарат таратуға тыйым салынған.
Полиция мәліметінше, 4 келуші мен нұсқаушы қыз баланың батып бара жатқанының ешбір белгісін байқамаған. Қылмыстық іс «Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, абайсызда адам өліміне әкелетін қызметтерді ұсыну» бабы бойынша қозғалды.
Кінәлі азамат 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.