Ноғаев ауруханада қазір не болып жатқанын айтты

    0
    30

    Атырау облысының әкімі бүкіл елді дүрліктірген жағдайдан кейін жаппай арыз жазған дәрігерлермен түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады, қазір төртеуі арызын кері қайтарып алған

    НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. Атырау облыстық перинаталдық орталығында бірде-бір дәрігер жұмыстан шыққан жоқ. Перзентхана штатты режимде жұмыс істеп тұр, оның тек бір бөлімшесі ғана жабылған. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

    «Перинаталдық орталық жабылған жоқ. Оның тек бір қабаты ғана санитарлық нормаларға сәйкес келмегендіктен жабылды. Ал сол жердегі жүкті әйелдерді қалалық ауруханаларға орналастырдық», – деді әкім бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

    Айтуынша, перзентханадағы ауа айналым жүйесі жөндеуден өткен.

    «Қажетті сараптама аяқталған соң, жүкті әйелдерді қайтадан сол жерге ауыстырамыз. Перинаталдық орталық жабылмайды. Ол жұмыс істеп жатыр», – деп сендірді Ноғаев.

    Тоңазытқыштан табылған сәби өліміне қатысты іс қозғалғаннан кейін перзентхана дәрігерлері жаппай жұмыстан кету туралы арыз жазған еді.

    «Қазір төрт дәрігер арызын кері қайтарып алды. 28 дәрігермен түсіндіру жұмысын жүргізудеміз. Оларға кәсіби маман ретінде медицинаға қолдау көрсетіп, жұмысын әрі қарай жалғастыруы керектігін айтып жатырмыз. Қазір ешкім жұмысынан шыққан жоқ», – деді облыс әкімі.

    Тоңазытқыштағы бала өлімі

    4 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық перинаталдық орталығының жетекшісіне жаңа туған нәрестенің өліміне қатысы бар деген айып тағылғанын хабарлады.

    Перзентханада сәби тірі туған. Алайда дәрігерлердің салғырттығынан құжатта өлі деп жазылады. Олар қатені түзетпеу үшін шақалақты тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен.

    Бұл жағдай орталық жетекшісіне қатысты басқа істі тексеру кезінде анықталған. Бұған дейін медициналық мекеменің басшысы жемқорлыққа байланысты ұсталғаны хабарланған еді.

    Тағы оқыңыз: Дәрігерлер қателесіп сау аяғын кесіп тастаған зейнеткер көз жұмды

    Баланың өліміне қатысты әйелді босандырған акушер-гинеколог та қамауға алынды.

    Атырау облысында шыққан шудан кейін денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетіп, әкімнің орынбасарына қатаң сөгіс берілді.

    Перзентханадағы сұмдықтан кейін психологиялық қысымға шыдамаған дәрігерлер жұмыстан шығу туралы жаппай арыз жаза бастады.



    sputniknews.kz