Netflix фильміндегі Turgistan елі Түркіменстандағы диктатураны еске салды

0

Фильмдердегі оқиға өткен жерлерді анықтаумен айналысатын atlaswonders.com сайты «6 Underground» фильміндегі Turgistan елінің прототипі — Түркіменстан деп жазды. Сайт дерегінше, шытырман оқиғалы фильм Италия, Біріккен Араб әмірлігі, АҚШ пен Венгрияда түсірілген.

Фильмнің сценарийін Пол Верник (Paul Wernick) пен Рети Риз (Rhett Reese) жазған. Ал басты рөлдерді Райан Рейнольдс (Ryan Reynolds) пен Мелани Лоран (Mélanie Laurent) сынды Голливуд жұлдыздары сомдаған.

ФИЛЬМ ЖЕЛІСІ

Америкалық миллиардер Turgistan еліндегі диктаторлық режимнің халық көтерілісін қалай басып-жаншығанына куә болады да, кейін режимнен қолдау тапқан қылмыскерлердің көзін жоюды ойластырады. Бұл үшін миллиардер есімдерін санмен атайтын топ құрып, оны «Елестер» деп атайды. Топтағы «Бір» — миллиардердің өзі, «Екі» — тыңшы, «Үш» — жалдамалы жендет, «Төрт» — ұры, «Бес» — дәрігер және «Алты» — көлік жүргізушісі. Кейін топқа «Жеті» — мерген қосылады.

«Елестер» тобы Италиядағы алғашқы миссиясы кезінде Turgistan елінің төрт генералының адвокатын өлтіреді. Кейін «Елестер» Turgistan диктаторы Ровак Алимовті тақтан тайдыруға көмектеседі. Ровактың орнына оның ағасы Мурад Алимов отырады. Фильм кейіпкерлері диктатордың есімі Ровак деп атайды, бірақ фильмде оның есімі Rowaç (Ровач) деп жазылады.

Бір қызығы, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің Ровач есімді жылқысы бар. Түркіменстан басшысы сүйікті жылқысына арнап ән де шығарған.

Фильмдегі Turgistan елінің тұрғындары түркіменше сөйлейді. Президенті де фильмде түркімен тілінде жиі тіл қатады. Ойдан құрастырылған елдің ақшасы – манат. Кадрлардан Түркіменстан мемлекеттік символдарына ұқсас белгілерді байқауға болады. Мәселен, фильмде «Uzak ýaşa Rowaç Alimow» (Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз, Ровак Алимов) деген жазуы бар төсбелгі жұлдыз бар.

Фильмдегі полицейлердің киіміндегі жазу да «polisiýa» түркіменше жазылған.

6 Underground фильмінен көрініс.

6 Underground фильмінен көрініс.

Ровак өз ағасы Мұрадты түрмеге қамауға бұйырады. Бірақ «Елестер» тобы Мұрадты құтқарып, билікті алуға көмек қолын созады.

Фильмдегі басты кейіпкер «Бір» есімді америкалық миллиардер Turgistan президенті Ровак Алимовпен Париждегі опера театрында кездеседі. Кейін Ровак Алимов мемлекеттік телеарнада сөз сөйлеп жатқанда «Елестер» телесигналды бақылауға алып, Мұрадқа сөз береді. Осыдан соң елде төңкеріс басталады.

Артынша Алимовтің яхтасы шабуылға ұшырайды. «Елестер» Ровакты Turgistan маңындағы босқындар лагеріне апарып тастайды.

Әрине, фильмде Түркіменстанға қатысы жоқ элементтер де бар. Мәселен, соғыс сахнасы, қантөгіс, босқындар лагері Түркіменстандағы жағдайға мүлде қатысы жоқ. Бұл фильм Түркіменстандағы саяси өмірге сай келмейді.

Азаттықтың Түркімен қызметіне фильм авторларынан қандай да бір пікір алу мүмкін болмады. Түркіменстанда Netflix стриминг сервисі бұғатталған.

«6 Underground» («Алты елес») фильмін түсіруге 150 миллион доллар жұмсалған.

Azattyq