«NEET жастары: құлықсыз жастарды қалай ынталандырамыз?»
Талдықорған қаласында «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында NEET санатындағы жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне тарту мәселелері бойынша «NEET жастары: құлықсыз жастарды қалай ынталандырамыз?» тақырыбында пікірталас өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Аталған іс-шара 2022 жылдың 17-мамырында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Адырна» ҰЭБ» ҚҚ «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында өткізілді.
Жоба жастардың жұмыс және оқуға келгенде белсенділік танытпау себептері, жобалық кеңсе тарапынан жастарға көмек беру және кәсіби бағдарлау түрлері, NEET жастарының қордаланған мәселелерінің шешу жолдарын қарастыруға бағытталған.
Ұйымдастырылған пікірталастың мақсаты – жастарды болашақ өмірлік жоспарларына ынталандыру және шығармашылық әлеуетті дамыту жолында туындаған әлеуметтік мәселелерге қатысты арнайы, білікті мамандардан жауап алу.
Пікірталасқа «Жастар бастамаларын дамыту және NEET тобымен жұмыс» бөлімінің басшысы Мөлдір Ерланқызы, Атамекен палатасынан Айдын Аманкелдіұлы, Талдықорған Политехникалық колледжінің директоры Мұқажанов Ерқат, профессор Ғалым Тайгулов және орта білім аяқтаушы түлектер, студенттер, жұмыссыз жастар қатысты.
«Біздің негізгі мақсатымыз — болашақ бәсекеге қабілетті, жоғары мәдениетті, зайырлы, әлеуметтік белсенді және адамгершілігі жоғары сападағы азаматтардың бастамаларын қолдау, NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау, олардың санын азайту болып табылады. Қазіргі таңда осы бағыт бойынша қарқынды жұмыс жасаудамыз» деді Мөлдір Ерланқызы.
Пікірталас барысында бүгінгі күні еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар және қай саланы белсенді дамыту керек, жастарды кәсіпкерлік қызметке оқыту, кәсіпкердің қажетті дағдылары, жастарға берілген мүмкіндік пен соны қалай дұрыс пайдалану керектігі жайында жастар мамандарға сұрақ қойып, жауап алды.
«Экономиканың маңызды секторы кәсіпкерлікті өсіру, өркендету және нығайту. Өңірлік кеңес палата дирекциясына мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдесеміз. Кез-келген жас буын біздің көмегімізге, қызметімізге өз бастамасы арқылы жүгіне алады» деп пікір білдірді Айдын мырза.
Профессор Тайгулов жастарға мотивация беріп, қазіргі заманғы осындай проблемалардың пайда болуына мектептегі фундаменталды білімнің жеткіліксіздігіен деп атап өтті:
«Мен негізінен Қазақ педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің ұстанымы бойынша өмір сүремін. Біз, педагогтар, қазақстандық жастардың ойлау векторын тек «алға» бағыттауымыз керек. Яғни, мектептегі түпкілікті білім жастардың орта буын уақытындағы қалыптасуына әсер етеді. Олардың жұмыс істеуге деген құлықсыздығы, белсенді өмірге ұмтылмауына оның ортасы, біз берген білім мен тәрбие беріп отырған ата-анасының да ықпалы бар, — деді ол.