«NEET жастарының құндылығы»

0

Талдықорған қаласында «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында NEET санатындағы жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне тарту мәселелері бойынша конференция өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Адырна» ҰЭБ» ҚҚ «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында NEET санатындағы жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне тарту мәселелері бойынша 2022 жылдың 17 мамыр күніТалдықорған политехникалық колледжінде «NEET» жастарының құндылығы» атты кездесу өтті.

Жоба жастардың жұмыс және оқуға келгенде белсенділік танытпау себептері, жобалық кеңсе тарапынан жастарға көмек беру және кәсіби бағдарлау түрлері, NEET жастарының қордаланған мәселелерінің шешу жолдарын қарастыруға бағытталған.

Іс-шара жастарды болашақ өмірлік жоспарларына ынталандыру және шығармашылық әлеуетті дамыту бағытында іске асырылды.

Кездесу қонағы кәсіпкер Елбол Естайұлы мансап және жеке өсу үшін өмірлік дағдыларды дамытудағы тәжірибелерімен бөлісіп, шара барысында жастардың кәсіп ашу, әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Жоба ұйымдастырушысы «Адырна» ҰЭБ президенті Арман Әубәкір:

«NEET санатындағы жастарға, ұзақ мерзімді жұмыссыз жүрген жастар, ұзақ уақыт бойы жұмыссыздардың негізгі үлесін құрайтын, отбасылық міндеттерді орындауға байланысты экономикалық белсенді емес жастар және де қысқа мерзімді жұмыссыздар жатады. Бұл жоба елдегі жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге мұрындық болып, аталмыш проблемаларды ауыздықтауға бірден-бір себеп болып отыр. Мәселен осы сынды жобалардың арқасында 10 жылда елдегі NEET санатындағы жастар үлесінің көрсеткіші 8,2% — дан 7,1% — ға дейін 1,1% азайып отыр» деді.

Сондай-ақ, кездесу барысында бүгінгі күні еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар және қай саланы белсенді дамыту керек, жастарды кәсіпкерлік қызметке оқыту, кәсіпкердің қажетті дағдылары, жастарға берілген мүмкіндік пен соны қалай дұрыс пайдалану керектігі жайында сөз қозғалды.

Кездесу спикері кәсіпкер Елбол Естайұлы жоба жайында:

«Біз сынды кәсіпкерлер жас буынға үлгі көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырғаны дұрыс. Себебі, елдің экономикасы, елдің әлеуеті даму үшін бизнес саласының алар орны үлкен. Осы саланың дамуы мен жетілуі тікелей жастарға байланысты. Жастармен жұмыс жасау, жұмыссыздықпен күресу және жас буынға қажетті білім беруді жүзеге асыруға көмек беретін осындай жобалардың қоғам үшін маңызы зор» деп пікір білдірді.