Не оралман, не қазақстандық, не қытайлық емес
Сәрсенбай Әмішұлы – 2015 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақ. Ол көшіп келгеннен кейін азаматтыққа бірден құжат тапсырмағанын айтады. Оның айтуынша, Қазақстанда тұрақты тұруға отбасымен бірге рұқсат (ықтиярхат) алған соң Қытайға барып-келіп, сауда істеп жүрген. 2018 жылы соңғы барған кезінде ол Шыңжаңдағы этникалық азшылықтарға жасалған қысымға байланысты кері қайта алмай қалған.
ОРАЛМАНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫ
Пекин 2017 жылдан бастап Қытайдың батысындағы мұсылман этникалық азшылықтарды жаппай саяси тәрбиелеу орындарына қамай бастаған. Ең катты зардап шеккендердің ішінде шыңжаңдық ұйғырлар мен қазақтар бар. Қазақстан мен Қытайдың ортасында еркін саяхаттап жүрген Сәрсенбай сияқты оралмандар «Шыңжаңдағы лагерьлерге күшпен қамалып, азапталдық» және «негізсіз үйқамаққа ұшырап, Қазақстанға қайта алмадық» деп шағымданған. Қытай бұл айыптауды жоққа шығарып, қамау орындарын «техникалық мамандықтарға баулитын және саяси сауат ашатын білім беру мекемелері» деп сипаттайды.
Сәрсенбай үшін жеті ай өткен соң ғана Қазақстанға оралып, отбасымен қауышуға мүмкіндік туған. Бірақ шетелде еркінен тыс ұзақ жүріп қалғаны құжат рәсімдеу кезінде қиындық тудырған.
— Қытайдан келгеннен кейін азаматтыққа құжат өткізейін деп барсам, оралман куәлігінің уақыты өтіп кетіпті. Кейін оның мерзімін ұзартып қайтадан барсам, «Қазақстан аумағынан тыс жерде 215 күн жүргенсіз. Заң бойынша азаматтыққа қабылдай алмаймыз» деп кері қайтарды, — дейді Сәрсенбай.
Сәрсенбайдың отбасында әйелі мен үш баласы бар. Бір жасқа енді толған кішкентайы Қазақстанда дүниеге келген. Азаматтығы жоқ болғандықтан балаларына ешқандай әлеуметтік көмек ала алмайды.
— Әлеуметтік көмектің қажеті жоқ. Тек азаматтық берсе болды. Күнімізді көріп кетеміз, — дейді Сәрсенбай Азаттыққа.
Ал Ұлбосын Сейілханның Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргеніне он шақты жыл болған. Өзінің айтуынша, Қытайдан алғаш көшіп келген жылы Қазақстандағы көші-қон туралы заңдағы өзгерістерге байланысты құжаттарын азаматтыққа өткізуге мүмкіндік болмаған.
2013 жылы қабылданған көші-қон туралы заңдағы («Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң – ред.) өзгерістерге байланысты сырттан көшіп келушілерге азаматтық төрт жылдан кейін берілетін болған. Алайда қоғамдағы наразылыққа байланысты 2014 жылы заңға қайтадан өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, оралман куәлігінің мерзімін бір жылға (оған дейін азаматтық алғанға дейін жарамды болатын –ред.) қысқартып, шетелден көшіп келген этникалық қазақтарға оңайлатылған тәртіппен осы бір жылдың ішінде (оралман куәлігінің мерзімі біткенше) азаматтық алу жағдайы қарастырылған.
— Заңға өзгеріс енгеннен кейін Тараз қаласынан ықтиярхат алғанмын. Бірақ кейін ол заңсыз болып шықты. Одан кейін ықтиярхат алуға қайта құжат өткіздім. Бірақ шықпады. Сөйтіп жүргенде бір жыл өтті. Одан кейін Қытай паспортымның уақыты өтті. Қытайдағы жағдайға байланысты оны дер кезінде ұзартуға мүмкіндік болмады. Осылайша азаматтық ала алмай қалдым, — дейді Ұлбосын Сейілхан.
БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ҮМІТІ
Қытай қазақтарының мәселесін үнемі көтеріп жүрген белсенді, «Ел-аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ырысбек Тоқтасын Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүргендердің басындағы хал бірдей емес екенін айтады.
Белсенді оларды жалпылап төрт топқа бөледі: Қытай азаматы екенін куәландыратын құжатының мерзімі өтіп кеткендер, Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алғанмен шет елде (Қытайда – ред.) 183 күннен артық тұруға мәжбүр болғандар, Қытайға барған кезінде жергілікті биліктің қысымымен ықтиярхаттан бас тартқандар және мерзімі өтіп кеткен паспорттарын Қытайдың Қазақстандағы консулдығы арқылы қайтадан жаңартқан кезде ескі құжаттағы Қазақстан визасы автоматты түрде жойылып кеткендер.
Алматы облысы бойынша Қытай паспорттарының мерзімі өтіп кеткен, қазір не Қытайдың, не Қазақстанның азаматы емес, екі ортада қалып қойғандардың саны 300-дей. Бұдан басқа ықтиярхаттан бас тартқан немесе шекараның сыртында алты айдан артық жүргендердің саны белгісіз. Ырысбек Тоқтасын осындай қиындыққа душар болған этникалық қазақтардың Қытайдан әлі келіп жатқанын айтады.
«Қайырымды қандастар» атты ұйым құрып, Қытайдан қоныс аударғандардың құжаттарын реттеумен айналысып жүрген тағы бір белсенді Баһаргүл Табыс та Ырысбектің сөзін растайды.
Баһаргүлдің айтуынша, қазақстандық жергілікті көші-қон қызметтері азаматтығы жоқ немесе мерзімі өтіп кеткен жандардың құжаттарын қабылдағанымен, өтініштері облыстан болмаса республикалық көші-қон комитетінен кері қайтып келеді.
Азаттыққа пікір білдірген белсенділер де, азаматтық ала алмай жүргендер де «Азаматтық туралы заң тезірек қабылданса» деп армандайды.
КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖАУАБЫ
Алматы облыстық полиция департаментіне қарасты көші-қон қызметінің бастығы Ержан Алтаев шетелден келген этникалық қазақтардың басым бөлігі «делдалдардың алдауына түсіп, құжаттарының мерзімін өткізіп алатынын» айтады.
— Қазіргі қолданыстағы заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам бір жылға дейін азаматтыққа құжат өткізе алмайды. Алайда жыл соңына дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылған ұлты қазақ азаматтарға бір жылды күтпей-ақ азаматтық беру туралы заң қабылдануға дайын тұр, — деді ол.
Көші-қон туралы заң бойынша Қазақстанда виза мерзімі аяқталған немесе ықтиярхатпен Қазақстан аумағынан тыс алты айдан астам уақыт жүріп қалған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайда бір жылға дейін ықтиярхатқа да, Қазақстан азаматтығын алуға да рұқсат етілмейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон комитетінің қызметкері Дастан Айтқұлов жаңа заң жобасының мамыр айының соңында парламентке жіберілгенін, қыркүйек айының алғашқы он күндігінде қаралатынын айтты.
Айтқұловтың сөзінше, заң дайындау кезінде Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүрген азаматтардың барлық пікірі жинақталып, жаңа заңға ұсыныс ретінде енгізілген.
— Бұл заңнаманың жалпы атауы «Көші-қонға қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталады. Осы заңның аясында біз бір емес бірнеше заңға, нақтылап айтсам, көші-қон туралы заңға, жұмыспен қамту туралы заңнамаға және азаматтық туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар кіргіздік, — деді ол.
Дастан Айтқұлов заңдағы басты өзгеріс ретінде этникалық қазақтарға оралман куәлігі немесе ықтияр хатты талап етпей-ақ азаматтық беру мәселесі ұсынылғанын айтты. Бірақ бұл ұсыныстың парламентте қаншалықты қолдау табатынын білмейді.
Оралмандар
2019 жылдың алғашқы жартысында 9379 адам Қазақстан азаматтығын алған. Олардың 7540-і — этникалық қазақ. Бұл туралы Азаттықтың сауалына берген ресми жауабында ішкі істер министрлігі хабарлады. Бұған қоса Қытайдан келген 724 қазақ Қазақстанда тұрақты тұруға (ықтиярхат – ред.) рұқсат алған.
Ресми ақпарат бойынша, 2018 жылы барлығы 28800 адам Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Олардың 1194-і президент жарлығымен, 27606 адам жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алған. Осылардың 24874-і – этникалық қазақтар.
Қазақстанда тұрып жатқан, бірақ азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақстан азаматтығы беріледі. Ал шетелден көшіп келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын оңай тәртіппен ала алады.
ІІМ хабарлауынша, биылғы жылы «Көші-қон туралы» заңның 49-бабына сәйкес, Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алған, бірақ шетелде 183 күннен артық тұрған 694 этникалық қазақтың тұрақты тұру рұқсаты жойылған. Министрлік Қазақстан азаматтығын алғандардың нақты қай елден екенін ашып көрсетпеген.
Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сілтеме жасап, 2019 жылдың алғашқы жартысында 7000-ға жуық этникалық қазақтың Қазақстанға қоныс аударғанын хабарлаған болатын. Соның ішінде Өзбекстаннан — 3800, Қытайдан 1553 адам көшіп келген. Мұнан басқа Түрікменстаннан 532, Моңғолиядан — 402, Ресейден — 145, Ираннан — 62, Қырғыз Республикасынан — 46, Тәжікстаннан — 11, Түркиядан — 3 этникалық қазақ тарихи отанына оралған.