«Назарбаевтың көңілінен шықпаған Ата заң». 1993 жылғы Конституция президент билігін шектеді

0

«БИЛІКТІҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІ АЙҚЫНДАЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ»

1993 жылы қаңтардың 28-і күні Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдау жиынына сол кездегі Жоғарғы кеңес мүшелерінің 312-сі қатысып, 309 депутат жақтап дауыс берді, үшеуі қалыс қалды.

Сол күні кешкісін тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының қабылдануына арналған Жоғарғы кеңестің салтанатты рәсімі өтті. Рәсімді ашқан Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин (2019 жылы 31 желтоқсанда өмірден өтті) жаңа Конституцияның түпнұсқасын сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақ ССР-інің 1978 жылы қабылданған Конституциясының түпнұсқасын Орталық музей басшысына тапсырды. Қаңтардың 28-і Конституция күні – мемлекеттік мереке болып белгіленді.

Тұңғыш Конституцияны қабылдауға қатысқандардың естеліктеріне қарағанда, «1993 жылғы Конституция – Қазақстан билігінің үш тармағы толық айқындалған, биліктің тепе-теңдігі мен тежемелік жүйесін толық орнатқан негізгі құжатқа айналған».

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (мінберде), вице-президент Ерік Асанбаев (жоғарыда сол жақта) және Жоғары кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин. 1990 жылдардың бас кезіндегі сурет.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (мінберде), вице-президент Ерік Асанбаев (жоғарыда сол жақта) және Жоғары кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин. 1990 жылдардың бас кезіндегі сурет.

Алайда Конституциядағы билік бөлінісі жайлы пікірталастар заң қабылданғаннан кейін де жалғасты. Кейбір баспасөз құралы «Қазақстандағы жағдайды ушықтыратын ең бірінші мәселе билік үшін талас болады. Бұл екеуінің таласы сотты қайсысы қолына алуға тырысатынына дейін ұласады» деп жазса, кейбірі оған қарсы мақала жариялап айтысты.

Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин сол кездегі сұқбатында билік үшін талас болмайтынын, заң шығарушы билік пен атқарушы билік және сот билігінің құзыры нақты белгіленгенін, әрқайсысы тек өз құзыры шегінде жұмыс істеуі тиістігін айтқан. Әбділдин «Конституцияда президент мемлекет басшысы және республиканың атқарушы өкімет билігінің біртұтас жүйесінің басқарушысы деп көрсетілген, президентке мейлінше кең өкілеттік берілген» деген.

Алайда сол уақыттағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституция қабылданған күні сөйлеген сөзінде «Белгілі бір кезеңнің уақыт талабына орай кейбір конституциялық нормаларды анықтауға тура келеді» деген еді.

«НАЗАРБАЕВ КӨБІРЕК ӨКІЛЕТТІК АЛУҒА ТЫРЫСТЫ»

Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдауға қатысқан депутаттардың бірі Ғазиз Алдамжаровтың айтуынша, «1993 жылғы Конституция бірнеше жыл талқыланғанымен атқарушы биліктің, президенттің көңілінен шықпағаны сол кезде-ақ белгілі болған».

Бұрынғы Жоғарғы кеңестің депутаты Ғазиз Алдамжаров.

Бұрынғы Жоғарғы кеңестің депутаты Ғазиз Алдамжаров.

— Постсоветтік елдердің көпшілігі Еуропаның дамыған елдерінің Конституцияларын үлгі етті. Біз де сөйттік. Биліктің тепе-теңдігі мен тежемелігі деген қағиданы Конституцияға енгіздік. Жоғарғы кеңес, президент пен сот билігін шектен шықпайтын еттік. Нәтижесінде президенттің Жоғарғы кеңес алдында есеп беруіне тура келді. 1993 жылғы Конституцияның кейінгі Конституциядан басты айырмасы сол, — дейді Алдамжаров.

Тұңғыш Конституцияны қабылдаған Жоғарғы кеңестің тағы бір депутаты Оразалы Сәбден де алғашқы Конституцияға сай президенттің Жоғарғы кеңеске есеп беріп келгенін еске алады.

— Жоғарғы кеңестің Білім және ғылым комитетін басқардым. Комитеттегі талқылауларға президент те қатысатын. Министрлер Жоғары кеңеске келуге жасқанатын. Өйткені онда шаруашылықты, экономиканы білетін кәсіпқой мамандар алуан түрлі сұрақ қоятын еді, — деп еске алады ол.

Оразалы Сәбден тұңғыш Конституцияның 1995 жылы қабылданған екінші Конституциядан негізгі айырмашылығы – алғашқысының депутаттар талқылауынан өткендігінде деп санайды.

Серікболсын Әбділдин (сол жақта) және Оразалы Сәбден. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл.

Серікболсын Әбділдин (сол жақта) және Оразалы Сәбден. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл.

— Жалпыхалықтық талқылаудан кейін парламентте талқылаудан өтті. Оған Қазақстанның танымал заңгерлері қатысты. Ал 1995 жылғы Конституцияны президенттің төңірегі әзірлеп, референдумда қабылдай салды, парламенттің талқысына түспеді. Конституцияда сот билігі, заң шығарушы билік және атқарушы билік арасында тепе-теңдік пен тежемелік жүйесі болуы керек. Бұл қағида 1995 жылғы Конституцияда бұзылды, — дейді ол.

Тұңғыш Конституцияны қабылдаған Жоғарғы кеңесте бақылау палатасының төрағасы болған Ғазиз Алдамжаров «Назарбаев тұңғыш Конституция берген өкілеттерді азсынды» деп санайды.

— Назарбаев «депутаттар экономикалық реформаларды жүргізуге кедергі келтірді» деген сөзді жиі айтты. Жаппай жекешелендіру басталғанда атқарушы билікте жемқорлық белгілері байқала бастады. Сондықтан депутаттардың сұрауы көбейді. 1993 жылғы Конституцияда президенттен бастап, атқарушы биліктің бәрінің жауапкершілігі көрсетілді. 1995 жылғы Конституцияда президенттің жауапкершілігі көрсетілмеген, — дейді ол.

Тұңғыш Конституция қабылданған шақта «Егемен Қазақстан» газетінің Жоғарғы кеңестегі тілшісі болған Рысбек Сәрсенбай «1993 жылғы Конституция қабылданар шақтағы талқылаулар шын мәніндегі демократияшыл парламенттің қалыптасқан кезі болды» деп сипаттайды.

Журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай.

Журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай.

— Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы Конституцияда-ақ өзіне көбірек өкілеттік алуға тырысты, бірақ Жоғарғы кеңестен өткізе алмады. Президент Египетке барған ресми сапарында «біздің Жоғарғы кеңес президентті жылына кемінде үш-төрт рет шақырып алады» дегені есімде. Ол кезде Жоғарғы кеңес президентке ықпал ете алатын еді. 1995 жылы қабылданған жаңа Конституциядан кейін парламент президенттің айтқанынан шыға алмайтын болды,- деп еске алады.

Рысбек Сәрсенбайдың сөзінше, 1993 жылғы Конституция қабылданар алдында-ақ «билік тармақтарының, Жоғарғы кеңес пен президент билігінің қайсысы күшті болуы тиіс» дейтін пікірлер жиі айтыла бастаған.

— Жоғары кеңес президент билігін бақылаусыз жібергісі келмеді. Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин мен сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатынасына байланысты түрлі пікір туып, жікке бөліну байқалғаны рас, — дейді ол.

НАЗАРБАЕВ: КОНСТИТУЦИЯ МЕН ЗАҢНЫҢ ДИКТАТУРАСЫ

Қазақстанның тұңыш Конституциясы екі жылдан асар-аспас уақыт жұмыс істеді. 1995 жылы тамыздың 30-ы күні бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Алайда оған дейін Жоғарғы кеңес екі рет тарады. Тұңғыш Конституцияны қабылдаған Жоғарғы кеңестің жұмысы 1993 жылы жергілікті кеңестердің өз-өзін таратуынан кейін тоқтады. Одан кейін жазушы Әбіш Кекілбаев төрағалық еткен Жоғарғы кеңесті Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы Конституциялық сот шешімі бойынша таратты.

Сарапшылар «Жоғарғы кеңестің екеуі де президент Назарбаевтың күткеніндей болмады» деп санайды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (мінберде), вице-президент Ерік Асанбаев (жоғарыда сол жақта) және Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин. (1990 жылдардың бас кезіндегі сурет.)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (мінберде), вице-президент Ерік Асанбаев (жоғарыда сол жақта) және Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин. (1990 жылдардың бас кезіндегі сурет.)

Жоғарғы кеңес таратылған соң, 1995 жылы наурыздың 1-і күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы жарлық шығарып, іле-шала өткен сессиясында баяндама жасады. Назарбаев баяндамасында таратылған Жоғары кеңес депутаттарын сынады.

— Диктатура орнағалы жатыр дейді. Иә, диктатура, бірақ бұл Констиуция мен заңның диктатурасы, — деді ол.

Назарбаевтың баяндамасында Жоғарғы кеңесті «толық мағынадағы заң шығарушы органға айнала алған жоқ» деп сипаттады.

— Соңғы жылдарда біздің Жоғарғы кеңестерімізде, жұмсартып айтқанда, ел мүддесінен алыс, шамадан тыс шамшыл және аса сөзшең адамдар белең алғаны жұртшылыққа белгілі. Оның үстіне атқару өкіметіне қарсы тұруда парламенттік көпшілікке бүкіл оппозиция қосылды. Шын мәнінде парламентарийлер атқарушы өкіметті таптап, оны өзіне бағындыруға, сөйтіп осы нақты билік арқылы кредиттерді, инвестицияларды және қаржыны, қысқасы ақшаны бөлуге зор ынтамен кірісті, — деп айыптады ол.

Назарбаев осы баяндамасында Қазақстанның тұңғыш Конституциясына да тоқталды. Оның сөзінше, «Конституцияда тепе-теңдік пен тежемелік жүйесі, яғни парламент мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтата алатыны және керісінше президент Жоғарғы кеңесті қалай тарата алатыны нақтыланбаған».

— Ата заңды әзірлеу процесінде мен осы принциптерді енгізуді талап еттім. Бірақ 12-шақырылған парламент (Серікболсын Әбділдин төрағалық еткен шақырылымды айтады – ред.) оны қабылдамай тастады, — деді ол.

Назарбаевтың сыны баспасөзде де көрініс тапты. «Жоғарғы кеңес заңсыз таратылды» деген наразы пікірлерін ашық айта бастаған депутаттардың «бұрынғы қылмыстарын» бетіне басатын мақалалар дүркін-дүркін жарық көрді. Оппозиция жұмысына араласа бастаған Серікболсын Әбділдинді де жиі сынай бастады.

«Егемен Қазақстан» газеті 1995 жылы сәуірдің 13-і күні жариялаған «Оппозиция бар, балама жоқ» деген мақаласында: «Әбділдин төрағалық қызметке кіріскен бетте жұрттың санасына «Президент атқарушы органның басшысы ғана» деген ұғымды орнықтырмақ болды. 1992 жылы 10 қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұқбатында ол «Біздің президентіміздің құқығы әлі шектеулі емес пе?» деген сұраққа: Халық сұраса парламент президентке қандай да болсын кең құқық беруге қарсы емес (Байқайсыз ба, президенттің сұрағаны аз, халық сұрауы керек екен)» деп жазды.

Ассамблеядағы сөзінен соң көп ұзамай Назарбаев «1995 жылы 25 сәуірде Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту туралы мәселе қойылған референдум өткізу туралы» жарлық шығарды. Бірнеше айдан соң, тамыздың 30-ына Қазақстанның қазіргі қолданыстағы Конституциясын референдум арқылы қабылдады.

1993 жылы қабылданған тұңғыш Конституцияның 13-тарауының 78-бабында «Президент Жоғарғы кеңеспен ақылдасқаннан кейін референдум өткізу туралы шешім қабылдайды» деп көрсетілген еді. Алайда референдум кезінде Жоғары кеңестің өзі де болған жоқ. Кейіннен қос палатадан тұратын парламент сайланды.

1993 жылғы тұңғыш Конституциядағы «Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз ету және оның ережелерін қорғау» деп аталатын тарауды 1995 жылы қабылданған Конституцияға кіргізген жоқ. Тұңғыш Конституциядағы «Қазақстан президенті 5 жыл мерзімге сайланады; Президент болып Қазақ ССР-інің 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған, Қазақ ССР территориясында 10 жыл тұрақты тұратын азаматы сайлана алады. Бір адам қатарынан екі мерзімнен астам Президент бола алмайды» дейтін баптар 1995 жылғы Конституцияға қосылды. Бірақ кейін көптеген өзгерістер мен толықтырулардан соң Конституцияның бұл тұсы өзгеріп, Назарбаевқа шексіз мәрте сайлауға түсуге рұқсат берді.

Azattyq