Назарбаевтың арқасында байыған ректорлар әулеті

0

Adyrna.kz редакциясы арнайы зерттеу жүргізіп, білім саласындағы былықтарды әшкере етуді жалғастырады деп хабарлайды kznews.kz тілшісі.

Естеріңізде болса, бұған дейін бұрынғы Білім және ғылым министрі, қазіргі Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен оның отбасына тиесілі бірқатар «жасырын бизнестерін» жазған болатынбыз. Бүгінгі зерттеу Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жайлы болмақ.

ӘЙЕЛІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН УНИВЕРСИТЕТІН БАСҚАРАДЫ

Ерлан Сыдықовтың әйелі Шырын Құрманбаева — Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетінің (бұрынғы атауы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті)  ректоры әрі құрылтайшысы. Биылдың өзіне 208 492 300 теңге салық төлеп үлгерген. Алғашқы жылы 63 094 300 теңге салық төлеген болса, 2021 жылы 293 979 340 теңгеге дейін жеткен. 2013 жылдан бері төлеген жалпы салық көлемі — 1 666 708 677 теңге.

НАЗАРБАЕВ РЕЖИМІ ТҰСЫНДА БАЙЫП ҮЛГЕРГЕН «ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ»

Шырын Құрманбаеваның байлығы мұнымен шектелмейді. Осыған ұқсас тағы бірнеше мекеме бар. Айталық, «Семей гуманитарлық-заң институты», «Innovative College» мекемесі, «Abai IT-Valley» технологиялық кластері, «Syrlascloud» ЖШС, «Семей көп салалы колледжі» бар. Сондай-ақ «Natural product» ЖШС, «EAGLTD» компаниясы, «Access Rail» ЖШС, «AECOM-KZ» компаниясы, «AERODYNE CASPIAN» ЖШС, «AFCON PV KZ» ЖШС, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» компаниясы, «ALBERLEY КЕЛІСІМ-ШАРТ LTD» ЖШС, «АЛЕССИО ГРУПП» ЖШС, «АЛЕССИО СТАНДАРТ» ЖШС Құрманбаеваның иелігінде.

Бір қызығы аталған компаниялардың барлығында Шырын Құрманбаева құрылтайшы ретінде көрсетілген. Бұл не деген батпан құйрық десеңші?! Бірақ бұл Сыдықовтар байлығының бір пұшпағы ғана.

 

РЕКТОРДЫҢ ЕРКЕ ҚЫЗЫНА ТИЕСІЛІ БИЗНЕСТЕР

Үлкен қызы Сыдықова Алуа Ерланқызы «Californication women» ЖШС-нің, «Californication project, «Білім» ЖШС, «L.A. Group Astana» ЖШС-ның құрылтайшысы.

2013 жылдан бері төлеген жалпы салық көлемі — 3 678 341 теңге. Сондай-ақ ол бұрынғы Сенат төрағасы Қайрат Мамидің қызы Айнұр Мамимен де серіктес. Екеуі «Сalifornication» ЖШС-на тең құрылтайшы ретінде тіркелген. Бұл – Алматыдағы брендтік бутик. Мекемеге Динара Юнусова есімді адам басшылық етеді. Компания құрылған 2012 жылдан бері 6 187 713 теңге салық төлеген.

Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласында Сыдықовтарға тиесілі «Parclub» моншасы да бар.

 

«БОЛАШАҚТЫҢ» ТАЛАПТАРЫНА БАҒЫНБАЙТЫН СЫДЫҚОВТАР

Кіші қызы Сыдықова Алма Ерланқызы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алған. Кейіннен елге қайтқысы келмеді ме, сол елде «Болашақ» бағдарламасының өкілі ретінде жұмыс істеген. Алайда Халықаралық бағдарламалар орталығы Алмаға елге қайту туралы ескертпе жібереді. Ескертпеге көнбеген ол іске әкесі Ерлан Сыдықовты араластырған. Артынша Алуа Сыдықова 2020 жылдың 8 қаңтарында өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазады.

 

ЕРЛАН СЫДЫҚОВТЫҢ БАЛДЫЗЫ БОЛУ — БАҚЫТ

Ерлан Сыдықов бәрін жарылқап балдызын ұмытпаса керек, әйелі Шырын Құрманбаеваның иелігіндегі «Innovative College» мекемесіне Күміс Оразбаеваны директор қылып қойыпты. Бұл мекеменің төлеген жалпы салық көлемі 138 570 430 теңге.

Тағы бір балдызы Айжан Оразбаева — «Семей көп салалы колледжінің» директоры. Аталған оқу орны 2010 жылы құрылған. Осы күнге дейін төлеген салық көлемі 136 996 125 теңге.

ЖАҒЫМПАЗДЫҚ СИНДРОМЫ

Ерлан Сыдықовтың өзіне келетін болсақ, 2011 жылы Назарбаевқа референдум өткізу туралы бастама көтеріп, астанадан бір-ақ шыққаны бар. Ол осыған дейін Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін басқарып келді. Естеріңізде болса, Шығыс Қазақстаннан шыққан бастамашыл топ Президенттің өкілеттілігін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум қажеттілігін алға тартып, 5 млн-нан астам қол жинаған болатын.

Міне, осылайша ректорлар әулеті іргелі білім ордаларын жекешелендіріп, ойларына келгенін істеп отыр. Не өздері өзгермейді, не өзгеруге мүмкіндік бермейді. Бірақ Қаралы қаңтардан кейін олардың тынысы тарылғаны анық. Десе де, олардың монополиясы биліктің көзіне әлі де түсер емес. Тілегіміз ессіз есіргендер «Жаңа Қазақстанда» жазадан құтылып кетпесе екен дейміз.

«Адырна» ұлттық порталы