Үйіңде не барын көршіңнен сұра!

0
801

Қытайдың басшысы Си Цзиньпин екі жылға созылған пандемиядан кейін алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастамақ. 14 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі.

Келіссөз барысында бірқатар құжаттарға қол қою жоспарланып отыр. Бұдан кейін Қытайдың көшбасшысы 15-16 қыркүйекте Самарқандта өтетін Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатыспақ.

Си Цзиньпиннің алғашқы сапарын Қазақстан мен Орталық Азиядан бастауы әсте кездейсоқтық емес. Бұл туралы NEGE-ге берген сұхбатында Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Түсіпбекұлы тарқатып айтып берді.

Бұл туралы kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап.

­– Си Цзиньпин пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын неге Қазақстаннан бастап отыр? Бұл нені білдіреді?

– Биыл Қытай Халық Республикасы мен Орталық Азия елдері арасында дипломатиялық қатынастың орнауына 30 жыл толды. Осыған орай 25 қаңтарда өткен видео-саммитте екі жақ «30 жылда үлкен стратегиялық әріптестікке қол жеткіздік» деп мәлімдеме жасады. Ресми өкілдердің, тұлғалардың, сыртқы істер министрлерінің аймаққа келуі, Орталық Азия басшыларының Қытайға баруы, яғни барыс-келістердің артуы – осының нақты айғағы.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен  Қытай басшысы Си Цзиньпин 2022 жылы ақпан айында да кездескен болатын. Одан кейін Сыртқы істер министрлерінің Орталық Азия-Қытай форматындағы үшінші жиналысы өтті. 6-9 маусым аралығында Қытайдың сыртқы істер министрі Ваң И Қазақстанға келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бас қосты.

Енді, міне, 14 қыркүйекте Қытай төрағасы Қазақстанға келмек. 15 -16 қыркүйекте Самарқандта Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшыларының саммиті өтеді. 12-13 қазанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-саммиті болады. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы стратегиялық байланыстың нығайып келе жатқанын көрсетеді.

2013 жылы «Белдеу және жол» бастамасын жариялаған кезде Си Цзиньпин Қазақстанға алғаш рет ат басын бұрған еді. Қытай төрағасы «Жібек Жолы» экономикалық белдеуі жайында жария еткен-ді. Өйткені, Қытай үшін транзиттік аймақ, шекаралас мемлекет ретінде Қазақстанмен көлік-логистикалық, сауда-экономикалық қарым-қатынас өте маңызды.

Менің ойымша, пандемиядан кейін достық, әріптестік және стратегиялық байланысқа үлкен серпін беріледі. Си Цзиньпин алғашқы сапарын Қазақстаннан бастауы осыдан.

– Тоқаев соңғы кездері Қытай туралы халықаралық саясатта жиі айтып жүр. Мұнда не гәп бар?

– Жалпы, қазір барлық диалог алаңдарында, әлемдегі экономикалық және басқа да платформаларда Қытай туралы жиі айтылып жүр. Өйткені, Қытай әлемдегі ең алпауыт мемлекеттің біріне айналды. Яғни, экономикалық қуаты жағынан да, әскери күші жағынан да  жетекші державалардың қатарына қосылып келе жатыр.

Рас, бір ғалымдар әлі де бұл елді дамушы мемлекеттердің қатарына жатқызады. Екіншілері дамыған елге жатқызады. Соған қарамастан Қытаймен барлық мемлекеттер, халықаралық ұйымдар есептеседі. Бұл – бір.

Екіншіден, Қытай Қазақстанмен көрші мемлекет болғандықтан, ішкі және сыртқы саясатымызда жиі сөз болады. Өйткені, 2030 жылға дейінгі бекітілген біздің сыртқы саясат тұжырымдамамызда Орталық Азияға, Ресей мен Қытайға басымдық беріліп отыр.

Үшіншіден, жаңа айтып өткенімдей, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына биыл отыз жыл толып отыр. Халықаралық іс-шараларда, дипломатиялық кездесулерде осы туралы көп айтылатын болады.

Ең соңғысы, аймақтарда күштер теңгерімін сақтауда Қытай факторы үлкен рөл ойнайды. Қытайдың сауда-экономикалық рөлін, энергетика, логистика бағытындағы маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды.

– ­Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық, саяси қатынас қалай өрбіп жатыр?

– Саясатқа тоқталатын болса, қазір саяси реформалар жүріп жатқан кезде Қытай мен Қазақстан арасында толық түсіністік бар. Өйткені, Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ішінде табиғи ресурстарға бай, шекарасы шектесіп жатқан Қазақстан Қытай үшін өте маңызды.

Қытайдың батыс аймақтарының қауіпсіздігі, ішкі тұрақтылығы жағынан да Қазақстан маңызды факторға ие. Ауғанстаннан АҚШ әскері әкетіліп, тәліптер билікке келген тұста террорлық қауіп деңгейі төмендеді деп айта алмаймыз. Аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа Бейжің де мүдделілік білдіріп отыр.

Қытайдың ресми өкілі де, премьер-министрі де Қаңтар оқиғасы кезінде «Қазақстанның ішкі жағдайын өз күшімен тұрақтандыра алатынына толық сенім білдіреміз» деп мәлімдеген болатын. Көршілік, достықтан басталған саясат қазіргі кезде жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтеріліп отыр. Бұл ­– үлкен көрсеткіш.

Экономика жағына келсек, енді ғана дипломатикалық байланыс орнатылған кезде Қытай мен Орталық Азияның арасындағы сауда көлемі 4 млрд 460 млн доллар болған еді. Ал 1992 жылдан бастап 2020 жыл аралығында бұл көрсеткіш 100 есеге дейін артқан. Бұл – үлкен жетістік. Бүгінгі таңда Қытай –Орталық Азияның ең негізгі сауда әріптесі әрі ірі инвесторы.

Айталық, Қытай ­– Тәжікстан мен Қырғызстанда ең басты инвестор. Өзбекстанда – екінші, Қазақстанда төртінші орында. Оның ішінде транспорт, коммуникация саласы да бар. Қазақстанда 55 инвестициялық жобаның қолға алынып жатқанын білеміз.

Қазақстан – Қытай-Еуропа темір жол бағытында транзиттік ел. 2021 жылы осы бағытта 11 айдың ішінде 13 мың 800 пойызбен 1,3 миллион контейнерлік жүктерді өткізген. Бұл 2020 жылға қарағанда 30 пайызға артқан. Мұның бәрі Қазақстан, Орталық Азия және Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстың нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Әрине, ковид пандемиясы, карантиндік шектеулердің кесірінен біраз уақыт шекарада жүктер қайраңдап қалды. Бірақ жүк тасымалы қалпына келіп жатыр. Соның ішінде әуе тасымалы да бар. Қазіргі кезде транзиттік виза беру мәселесі де талқылатып жатыр.

– Тоқаевтың қытай тілін жетік білуі екі ел арасындағы қатынаста қаншалықты маңызға ие?

– Әрине, бұл мемлекет басшысының білімі мен кәсіби қызметіне байланысты. Ол кісі Қытайда білім алған, Ресейдің халықаралық қатынастар мамандығын оқыған. КСРО-ның Қытайдағы, Сингапурдағы елшілігінде істеп, дипломатиялық қызметтің төменгі сатысынан ең жоғарғысына дейін жеткен. Шет тілдерін жетік біледі. БҰҰ-да жұмыс істегеннен соң, дипломатиялық тәжірибесі де өте мол.

Кез келген мемлекет басшысы қытай тілін біле бермейді. Қытайша сөйлеу дегеніміз – жеке басқа ұпай жинау емес. Қытай төрағаларымен кездесу кезінде, әсіресе, 90-жылдардағы шекара мәселесінің шешілуі кезінде (Цзян Цзэминь төраға болып тұрған кезде) қазіргі Президенттің бейресми кездесулерге, талқылауларға қатысқанын білеміз. Үлкен мәселелердің шешілуінде маңызды рөл атқарды.

– Қазақстанға және Орталық Азияға қатысты ұстанған саясатында Қытайдың өзге ойыншылардан айырмашылығы неде?

– 1992 жылдан бері қарым-қатынас бірнеше трансформациядан өтті. Қазіргі кезде ең жоғары деңгейге жетті. Әрине, проблема жоқ деп айта алмаймыз. Орталық Азия мен Қытай арасында мәдени-гуманитарлық байланыстар, тілдік, ментальды алшақтықтар бар. Парақорлық, жемқорлық факторлары әртүрлі түсініспеушілікке себепші болып отыр.

КСРО құлағаннан кейінгі алғашқы онжылдықта Қытайдың аймаққа қатысты ұстанған саясатында белсенділік болған жоқ. Бастапқыда амбициясы жоғары емес еді. Басты міндеті ­– батыс аймақтардың қауіпсіздігін, тұрақтылықтын сақтау, сауда байланыстарын жолға қою болған сияқты.

Алайда қазіргі кезде 2013 жылғы «Белдеу мен жол» бастамасы, инвестициялық жобалар, жалпы Қытайдың әлемдік саясаттағы рөлінің нығаюы Бейжіңнің халықаралық қатынастың жаңа үлгісін ұстануына түрткі болды. Жаңа тұжырымдама жасап, «халықаралық қатынастар жүйесі тек қана Батыстың жетегінде емес екенін» алға тартып, жаңа жолды Қытай да ұсына алатынын көрсетті.

Бұдан бөлек, «Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығы» деген тұжырымдамасы да бар. Оның бірі Қытай үшін көршілес жатқан маңызды стратегиялық аймақ – Орталық Азияға арналған.

Қазіргі кездегі Тайвань дағдарысы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс кесірінен сауда желілерінің жабылуына байланысты «орталық дәліз», «оңтүстік бағыттардың» өзектілігі Қытай үшін күннен күнге артып келе жатыр. Бұл ­дәліз Орталық Азия жері арқылы өтеді.

Айталық, «Белдеу мен жолдың» алты дәлізі болса, соның үшеуі Орталық Азияны кесіп өтеді. Каспий арқылы Әзірбай, Грузия, Түркияны басып өтіп, Еуропаға жететін транскаспийлік бағыт қазір жетілдіріліп жатыр. Сондықтан Қытайдың сыртқы саясатында Орталық Азияның маңызы бүгін де, ертең де нығая береді.

– Сұқбатыңызға рахмет.