Home Жаңалықтар Назарбаева кәсіпкерлерге Өзбекстан мен Қырғызстанды үлгі етті

Назарбаева кәсіпкерлерге Өзбекстан мен Қырғызстанды үлгі етті

0
76

Өзбекстан мен Қырғызстанның тауарлары біздің елімізде отандық өнімге қарағанда бірнеше есе көп сатылады, деді сенат спикері

НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіп өндірушілерін бәсекеге қабілетті болуға шақырды. Спикер отандық кәсіпкерлерге көрші Өзбекстан мен Қырғызстан елдерін үлгі етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бәсекелестіктің жоғарылығы соншалық, бәсекелесудің еш мәні жоқ, сондықтан күш-жігерімізді келешегі бар салаларға бағыттайық деген пікірді жиі естимін. Бірақ, бұл шынымен де осылай ма? Ұлттық жеңіл өнеркәсіптен бас тартып, тек импортқа иек арту қаншалықты қисынды? Әрине, бұл дұрыс емес», деді Назарбаева отандық жеңіл өнеркәсіптің жай-күйіне арналған парламенттік тыңдауда.

Сенат спикері бәсекелестік барлық нарық пен секторда өсіп жатқанын тілге тиек етті. Сондықтан бәрін бәсекелестікке сілтеу аргумент емес.

«Әйтпесе қол қусырып, ештеңе істемей отыру керек. Керісінше, аз да болса, қолда бар басымдықтарымызды пайдалануымыз қажет. Біздің көршілер Өзбекстан мен Қырғызстанға қараңыздар. Бұл елдердің тауарлары Қазақстанда отандық өнімге қарағанда бірнеше есе көп сатылады», деді ол.

Назарбаева Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің потенциалы мол екенін атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша, жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға болады.

Тағы оқыңыз: «Жоққа шығару дұрыс емес» – экс-министр Назарбаеваның мәлімдемесімен келіспеді

«Бүгінде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының дені үлкен тапсырыстарды орындауға қауқарсыз. Шығаратын өнім түрлерін маусымға қарай бір жылда бірнеше рет өзгертуге дайын емес. Кәсіпорындарда тапсырыс көп болмағандықтан, шикізатты да аз сатып алады. Тауар бағасы да жоғары болады. Бұл тұйық шеңберден шығу қажет», деді ол.

Назарбаева жеңіл өнеркәсіпті Қазақстанның өнеркәсібіндегі ең проблемалы сектор деп атады. Себебі экономикада өңдеуші саланың айрықша басымдықта болуына байланысты бұл сала көп уақыт бойы назардан тыс қалып келген.



sputniknews.kz