Назарбаева бастаған сенаторлар Серік Сыдықовты жаңа қызметке ұсынды
Қысқа сілтеме алу
Сенат депутаттары кандидатураны бірауыздан жақтап дауыс берді. Ол парламент сенаты төрағасының кеңесшісі болған
НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Серік Сыдықов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Серік Сыдықовты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындауды ұсынды.
«Өзіме Конституциямен берілген құқықты пайдалана отырып, мен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне Серік Сыдықовты ұсынамын. Серік Сламжанұлын жақсы білесіздер, ол белгілі білікті заңгер, сенат аппаратында 25 жылдан аса аса уақыт жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Парламенттегі мол тәжірибесі Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметінде пайдалы болады деп сенемін», деді Назарбаева сенат отырысында.
Сенат депутаттары бірауыздан жақтап дауыс берді.
Серік Сыдықов туралы не білеміз
Серік Сламжанұлы Сыдықов 1962 жылы туған, жоғары заң білімі бар.
Еңбек жолын 1985 жылы «Казгидрорыбпроект» институты кадр бөлімінің аға инспекторы ретінде бастаған.
1986 жылдан бастап Қазақ КСР Мемлекеттік еңбек комитеті іс басқармасының аға экономисі, азаматтық қорғаныс және арнайы жұмыс жөніндегі инспекторы, кадр секторының бірінші санаттағы маманы, бірінші санаттағы экономисі (заңгер) қызметтерін атқарды.
1991 жылдан бастап Қазақстан еңбек министрлігі еңбекті құқықтық реттеу бөлімінің бас заңгер-консультанты, мемлекеттік жұмыспен қамту инспекциясының бастығы – жұмыспен қамту бас басқармасы бастығының орынбасары, еңбекті құқықтық реттеу бөлімінің бас маманы.
1994 жылдан «Тұран-Агро» фирмасы заң бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1995 жылдан бастап Қазақстан президентінің жоғарғы кеңестегі өкілдігінің аға сарапшысы.
1996 жылдан Қазақстан парламенті сенаты аппараты сараптама бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2007 жылдан парламенті сенаты аппараты басшысының орынбасары, бірінші орынбасары болды.
2016 жылдан бастап парламенті сенаты аппаратын басқарды.
2020 жылдан парламенті сенаты төрағасының кеңесшісі.
sputniknews.kz