Назарбаев жүйесі – мұнай мен долларға құрылған, шындықтан өлердей қорқатын автократиялық жүйе
Инстаграмда бір замандасым Сталин туралы мына пропаганда өнімін жекеме жіберіп, артынша «Дәл қазіргі жағдайда бізге осындай біреу керек» деп жазып жіберіпті.
Қазақстанда путин-фандардың баршылық екенін ескерсек, «Сталин сияқты адам ғана Қазақстанды қазіргі хаостан алып шыға алады» деген пікір біраз адамның ойында жүруі мүмкін. “Сталин сияқты басшы керек пе?» деген тақырыпқа пікір таластырудың өзі мүлдем орынсыз деп ойлаймын. Десе де осы тақырып пен қазіргі хаосқа қатысты ойым мынадай:
Біз Қазақстан тарихында Сталин секілді диктаторлардың билікке келуіне ешқашан жол бермеуіміз керек. Ешқашан. Ата-бабамыздың Сталиннің, әке-шешеміз бен біздің Назарбаев жүйесінің «жемісін» осы күнге дейін көргеніміз жетеді. Сталин жүйесі – өтірік пен адам сүйектерінен империя құруға тырысқан құбыжық жүйе. Ал Назарбаев жүйесі – өтірік пен мұнай доллары арқасында отыз жыл бойы ғұмырын ұзартып келе жатқан, шындықтан өлердей қорқатын автократиялық жүйе.
Қазақстанды тығырыққа тіреген – Назарбаев жүйесінің өтірікке толы «нұрлы» жолы. Наурыздың соңында ковидті билік жеңу үшін «на опережение» жұмыс істеді деп жариялап, жауапкершіліктің бәрін азаматтардың өзіне ысырып тастаған, қолынан боқ та келмейтіні жаппай әшкере болғанда ковидтен өлгендерді «пневмониядан» өлді дейтін, жоқ дәрі-дәрмекті «бар» дейтін, хаосты «бақылаудағы жағдай» дейтін, ел-жұрт қайғыдан қан жұтып отырғанда салют атып параллель әлемде өмір сүретін, өтірікті культ етуші ел басқарып отырған назарбаев-фандар осы «нұрлы жолдың» өнімдері.
Сондықтан дәл қазір Қазақстанға өмірдің барлық саласында өтірікпен күресетін адамдар керек. Өтірік құндылықтармен, өтірік сайлаулармен, өтірік соттармен, өтірік көсемдермен, өтірік шешендермен, өтірік мемлекетшілдермен, өтірік аза тұтумен, өтірік статистикамен, өтірік мәлімдемелермен, өтірік есептермен, өтірік уәделермен, өтірік проекттермен, өтірік үміттермен, өтірікті мемлекеттік медиада таратумен, өтірік диагноз қоюмен, өтірік білім берумен күресетін АДАМДАР керек.
Өтірік культін тас-талқан ететін АДАМДАР керек. Өтіріктің бейбіт күнде азаматтардың өліміне апарып соғатынын түсінетін, онымен ешбір кедергіге қарамай пандемиядан кейін де күн сайын күресетін АДАМДАР керек.
Бізге екінші Сталин де, екінші Назарбаев та керек емес. Бізге диктаторлық жүйені туғызатын өтіріктен қорықпайтын, өтіріктің өмір салтына айналатындай институциялануына жол бермейтін АДАМДАР керек.
P.S. Айдан анық нәрсені сөз еткенім үшін айып етпеңіздер. Айналамызда Сталинді үлгі тұтатын адамдардың барына шыдай алмай кеттім.
Шалқар Нұрсейітов