Мен өлсем жаназамда жиналған ақшаны мешітке жұмсаңдар – Көкшелік құрылысшының өсиеті

0

«Мен алай-бұлай боп кетіп жатсам жаназама жиналған қаражатты түгелдей мешітте жұмыс істейтін Ертай деген кісіге апарып беріңдер. Жылдар бойы шеттей баласымен үйсіз-күйсіз жүрген еді. Соған қарамастан мешіт жұмысын тастап кетпеді. Ертай бауырыма көмектесе алмай кетіп барам…

Мен енді ауруханадан оралмаспын. Жаназамды Теміржан қари шығарсын. Көз жастарыңды көрсетпеңдер. Менде ешқандай уайым жоқ. Тағдырыма ризамын.»

Бұл Көкше өңірінде кеше ғана көз жұмған Ербол дейтін кісінің соңғы аманаты екен. Ал мына фотодағы сөзді ауруханадағы арпалыс уақытында, бір жұтым ауа үшін күрес кезінде сырлас досына жазыпты.

Ақмола облысындағы баспасөз хатшымыз Бақыт аға Смағұлдың айтуынша, құрылыстан хабары бар Ербол ағаның өз ауылында қолы тимеген үй некен-саяқ көрінеді. Ойға алған ендігі бір ісі – мешіт қызметкері Ертайдың үйлі болуына көмектесу болыпты…
Марқұмды жақсы білетіндер оның бауырмал, дін мен дәстүрге шынайы жанашыр азамат болғанын айтуда. Біз білмейтін қайырлы істері қаншама…

Кейде бірдің қазасы мыңға сабақ боп жатады. Ол өз өлімі арқылы өнеге қалдырып кеткендей. Өзіне тиесілі соңғы қаражатын тумаса да туғандай боп кеткен Ертай бауырына беруді аманаттап, қырықтың қырқасына жете бергенде ризалықпен Раббысына кете барыпты…

Алла алдыңнан жарылқасын, жақсы жан. Алдың – пейіш, артың кеніш болғай. Бақұл бол, бауырмал жан…

Ағабек Қонарбайұлы, Facebook парақшасынан

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз