Назарбаев университеті шетелдік ректордың қазақ қызымен байланысын жоққа шығарды

0
45

Назарбаев Университет өз президенті Шигео Катсудың өз хатшысымен байланысы туралы қаптап кеткен қауесеттерді шындыққа жанаспайды деп отыр. Ғылым ордасының басшылығы құқықтық баға алу үшін Ішкі істер министрлігіне жүгінген. Бұл туралы аталған университет өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Ұлттық құрылтай мүшесі не дейді?

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ. Блогер Денис Кривошеев Facebook парақшасында ректор Шигео Катсу мен оның хатшы қызы Әсемгүл Каленованы жұмыстан тыс байланыстары бар деп айыптады. Ол алдымен мемлекеттің бұл ЖОО-ға қанша көмек көрсетіп отырғанына тоқталды.

Оның мәліметінше, 2009-2022 жылдары Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін қаржыландыруға республикалық бюджеттен 800 миллиард теңге бөлінген. Биыл мектептерге 12,4 млрд, университетке 2,8 млрд теңге бағытталыпты.

Д.Кривошеевтің айтуынша, ректор Катсудың хатшысы Әсемгүл Каленова басшымен «ерекше» қарым-қатынастары арқасында өз құзырына жатпайтын шешімдерді қабылдай алады. Мысалы, қызметкерлерді жұмысынан босататын, университет саясатын белгілейтін, ұжымдағы көңіл-күйді айқындайтын көрінеді.

«Бұл – менің ойдан шығарғаным емес, Назарбаев Университетінің бұрынғы қызметкерлердің шағымдары. Олар Әсемгүл Каленованың қалауымен жұмыстан босатылған немесе өз еркімен кетуге мәжбүр болған. Олардың сендіруінше, қазақстандық бюджеттен аста-төк миллиардтар құйылып жатқан білім империясын басқаруды Катсу хатшысына сеніп тапсырған. Күні кеше ғана өзге қыздармен бірге бөлме жалдап тұрған және қалалық автобуспен қозғалған Каленова бүгінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі, Түркиядағы, Астанадағы жылжымайтын мүліктерге ие. Соңғы 5 жылда Каленова өз позициясын хатшыдан Executive Assistant to the President лауазымына жоғарылата алды. Өз позициясын одан әрі нығайтуын жалғастыруда», – деді Ұлттық құрылтайдың мүшесі Д.Кривошеев.

Оның мәліметінше, қызметкерлердің бірқатары өздері тап болған әділетсіздік туралы әлеуметтік желіде баяндауға талпыныпты. Бірақ «ондай жарияланым пайда бола салысымен, наразылар жұмыстан қуылған, өз қалауы бойынша өтініш жазуға мәжбүр етілген».

«Шетелдік беделді білімі, тәжірибесі бар үздік мамандар департаменттер директорлары деңгейінде жүріп, Назарбаев Университетін құру идеясын жүзеге асыруға ғұмырының ұзақ жылдарын арнады. Алайда оларды бір мезетте Әсемгүл Каленова басып-жаншып тастады. Оның орнына жағымпазданып, жарамсақтанғандар жұмыс тәжірибесі аз әлсіз маманнан бірден бас менеджерлерге, тіпті департамент директорларына айналып шыға келген. Жаңа адамдарды тағайындау Каленованың мақұлдауымын ғана жүзеге асырылады. Бұл тек қазақстандық қана емес, сондай-ақ шетелдіктерге де қатысты. Сұхбаттардың бірінде журналистер «жұрт арасында университетті сіз емес, Каленова басқарады деген әңгіме бар, осыған не айтасыз?» деп сұрақты төтесінен қойды. Бұған нақты жауап беру орнына ректор: «Бұл жақсы қалжың екен» деп әзілге бұра салды», – деп жазды Денис Кривошеев.

Университет не дейді?

Алдымен оқу орны баспасөз мәлімдемесін таратты.

«Назарбаев Университеті дербес білім беру ұйымының қауымдастығы соңғы уақытта шындыққа сәйкес келмейтін, университеттің беделіне нұсқан келтіретін және оның жеке қызметкерлерінің ар-намысы мен абыройын түсіретін жалған ақпарат тарату жағдайларының көбейгенін байқады. Осыған орай Назарбаев Университеті қасақана жалған ақпарат тараған жағдайда өз беделін, сондай-ақ қызметкерлерінің ар-намысы мен абыройын қорғауға дайын екенін хабарлайды. Университет жала жабуды қамтитын ақпаратты таратуға бағытталған кез келген әрекеттерге қарсы сотта шағымдануға құқылы», – делінген хабарламада.

Бұған қоса ақпарат құралдары арқылы ашыналыққа қатысты өсек-аяңды жоққа шығарды.

«Назарбаев Университет белгілі бір қызметкерлерінің кәсіби қатынастар шеңберінен тыс байланыстары, шетелде жылжымайтын мүлікке иелік етуі және университетті адал емес басқаруы туралы қауесеттерді жоққа шығарады», – деп хабарлаған ЖОО әлеуметтік желіде тараған мәлімдемені жоққа шығаратын «объективті дәлелдер» барын жеткізді.

Сонымен қатар университет басшылығы құқық қорғау органдарына құқықтық баға алу үшін жүгініпті.

«Университетте кәсіби әдепті бұзу туралы шағымдарға үн қатудың тиімді тетіктері құрылған. Аталған қызметкер әйелдің мінез-құлқына қатысты жазбаша түрдегі шағымдар университеттің адами капиталды дамыту департаментіне әлі күнге түскен жоқ», – деп мәлімдеді ЖОО.

Жанжалға қатысты Шигео Катсудың өзі де түсініктеме берді.

«Егер қандай да бір проблемалар, шағымдар туындаса, ол туралы ашық айту қажет. Адам сыртынан сөз тарату адалдыққа қайшы, тіпті қорқақтық. Біз зерттеулер мен білім беруде халықаралық деңгейдегі университет болғымыз келеді, сондай-ақ студенттеріміз бен оқытушылық-профессорлық құрамға қолдау көрсетуге бағдарланғанбыз. Бұл үшін ойлау қабілетін өзгертуіміз керек. Өз жұмысымызды бастағанда, студенттер, профессорлар, зерттеушілер емес, әкімшіліктің өзі университеттің орталығы сияқты көрінетін. Біз мұны бірте-бірте өзгертуге тырыстық. Содан соң мен бұл өзгерістерді жеделдету керектігін түсіндім. Сонда 2020-2030 даму картасына сай болып, өзімізді дұрыс ұсына білеміз. Сондықтан ішкі басқаруға түзету енгіздік. 2018 жылы ішкі трансформация бағдарламасын бастауға ұйғардық. Нақтыласам, мен хатшылықты жас адамдар басқарғанын қаладым», – деді Ш.Катсу.

Оның әңгімелеуінше, бұл салада университетте иерархия жоқ.

«Каленова ханым біздің трансформация бағдарламасына тартылды. Ол өте белсенді болды. Ол көптеген өзгерістерді ұсынды. Өкінішке қарай, ол менің атқарушы ассистентім болғандықтан, өсектер тарай бастады. Олардың еш негізі жоқ. Мен 12 жылдан бері осы университетте жұмыс істеп келемін. Әлдебір шағын топтың біз жасаған іске, Қазақстанның беделіне нұқсан келтіруге ұмтылып отырғаны өкінішті. Біз блогер (Денис Кривошеев) осында келіп, танысар деп үміттендік, бірақ ол біздің ұсыныстан бас тартты», – деді Назарбаев Университетінің президенті.

Ш.Катсу қауесет таратқандар «Каленова ханымнан, бастысы, университеттің алдында кешірім сұрауға тиіс» деп санайтынын қосты.

Бұдан бұрын қандай мәселелер көтеріліп еді?

Еске сала кетсек, биылғы жазда Астана полициясы Назарбаев Университетіндегі жанжалға байланысты Қылмыстық кодекстің «Зорлау» атты 120-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Бұған осы университеттегі қыздарды сексуалды қатынастарға иліктіруге қатысты шағым түрткі болды. 2022 жылғы тамызда НУ студент қызы әлеужеліде видеоролик жариялап, онда университеттің студенттік қалашығында қыздарды оқытушылар, техникалық персонал және жоғарғы курс студенттері төсектес болуға иліктіретінін, тіпті зорлайтынын мәлімдеді. Кейін журналистер елордалық полицияға хабар салып, тергеудің барысы не болғанын сұрастырды. Полиция жан-жақты, толық, объективті зерттеу мақсатында заңда қарастырылған шаралар қабылданып жатқанын жеткізіп, басқа мәліметтер жариялауға жатпайтынын хабарлаумен шектелді. Әзірге қандай да бір кінәлілер туралы жария етілген жоқ.

Ал Назарбаев Университетінің әлеужелідегі парақшасы зорлыққа қарсы шаралар туралы жаңалықтарға толды.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Проблеманың бар-жоғын білу жеткіліксіз, оны жою және болдырмау үшін белсенді әрекеттер маңызды. NU-дың 142 студенті қудалаумен күресу және өзін-өзі қорғау тренингін аяқтады. Сертификатталған жаттықтырушылар оларға физикалық және ауызша өзін-өзі қорғау стратегияларын, жеке шекараларды орнату және қорғауды, «жоқ» деп айтуды және қауіпті бағалауды үйретті. Қатысушылар қудалаудан, әсіресе өздері білетін адамдардан қорғанудағы ықтимал эмоционалдық қиындықтарды зерттеді», – делінген төрт күн бұрын жарияланған соңғы хабарда.

Бұдан бөлек, бірқатар мемлекеттік орталықтың аталған ЖОО-ға берілгені анықталды.

«2021 жылғы 27 қаңтардағы Жол картасын орындау мақсатында «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» пен «Шымкент жүрек орталығының» 100% мемлекеттік акциялар пакеті «Назарбаев Университет» автономды білім ұйымының меншігіне берілді», – деп хабарланды eGov.kz порталында.

Ал биылғы наурызда Жанат Сақтағанқызы, Назерке Сәбитқызы сияқты қызметкерлер Назарбаев Университетінің еншілес ұйымына қатысты шағымдарын жариялады. Олар University Medical Center корпоративтік қорының филиалында жұмыс істепті. Мысалы, жалғызбасты ана Ж.Сақтағанқызы 2014 жылдан бері сонда еңбек еткен.

«Жалақы еңбекақылық түбіртектегі саннан өзгеретінін анықтадым. Табельдер дұрыс толтырылмаған. Жұмыс уақытын есептеу табелдеріне қол қойғызбайды және ешқашан таныстырмайды. 2014–2021 жылдары еңбек демалысымен бірге сауықтыруға арналған материкалдық көмек төленбеді. Сонымен бірге персоналды үстемеақылар толық көлемде есептелмеген. Тәртіптік жауапкершілікті таңып, оның мәнісімен таныстыруға мүмкіндік бермей, негізсіз сыйақыдан қағады. Компанияның бухгалтеріне ауызша айтқан өтініштеріміз елеусіз қалдырылды. Ал басшы Айтымбетова шағымшылардан құтылу үшін жұмыстан қуатынын айтып, қорқытып, өз еркіммен кетуге мәжбүрледі», – дейді ол.

Назеркенің шағымы да ұқсас.

«Филиал басшысы ортақ чатта Астанаға шағым айтып барғанымен ештеңеге қол жеткізе алмаған, жұмысынан айырылған қызметкер әйелді үлгіге келтіріп, басқаларға ескерту жасап отырды. Мені де 27 наурызда еңбек келісімшартты бұзуға иліктірді. Басшылық: мен бастықпын, мен қожайынмын деп қоқаңдайды. Өз құқығын қорғамақ болғандарды сыйдырмайды», – делінген оның арызында.

«University Medical Center» корпоративтік қоры «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңесінің 2015 жылғы 20 қыркүйектегі шешіміне сәйкес құрылды. UMC құрамына Республикалық диагностикалық орталық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Балалар оңалтудың ұлттық орталығы кіреді.

Жалпы түрлі жанжалдар елдегі барлық жоғарғы оқу орындарында болып тұрады. Өзіндегі жағдайды университеттің өзі тәртіпке келтіргені жөн. Қазақстанның құзырлы органдарының ұстанымы негізінен осындай.

Мысалы, биыл қоғам белсендісі, құқықтанушы Жандос Өстемір осы ЖОО-ға қатысты жауапты органдарға өтініш жолдаған болатын.

«31 наурызда ашық ақпарат көздерінен Назарбаев Университетінің қызметкері Асхат Шынтемировтың өз кабинетінің есігіне «Zа наших» деген жазуы бар қағазді іліп қойғаны белгілі болды. Осыған орай Қылмыстық кодекстің басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргізу немесе жария түрде шақыру бойынша қылмыс белгілерінің бар-жоқтығына тексеріс жүргізіп, ел заңнамасына сәйкес құқықтық нақты әрекеттер жасауды және нәтижелері бойынша ресми жауап берулеріңізді сұраймын», – делінген Ж.Өстемірдің өтінішінде.

Бірақ ішкі істер министрлігі іс қозғамады.

«Ішкі істер министрлігі Назарбаев Университетіндегі қызметтік кабинеттің есігіне «Zа наших» деген жазбаны орналастыру фактісі бойынша мынаны хабарлайды. БАҚ-та Назарбаев Университетінің саясат және геосаясат мәселелерінде бейтараптық қағидаттарын ұстанатыны туралы ресми мәлімдемесі жарияланды. Университет қызметкері кабинетінің есігіне орналастырылған «Zа наших» деген жазуды өзі алып тастаған. Университет қызметкерінің іс-әрекеті университет қызметінің негізгі мақсаттарына сәйкес келмейді. Сонымен бірге «Zа наших» сөз тіркесін әр адамның түсінігінде әртүрлі түсіндіруге болады. Бұл жағдайда НУ қызметкерінің іс-әрекетінде Қылмыстық кодексте көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы қаралмайды», – делінген ІІМ жауабында.