Назарбаев референдумда дауыс берді

0

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша жалпыреспубликалық референдумда дауыс берді. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша жалпыреспубликалық референдумда өз дауысын берді», — деді ол. Сонымен қатар, Atameken Business Telegram-каналы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өз бюллетенін салу үшін жәшікке қалай бара жатқанын бейнелейтін видео жариялады. Кадрдан Елбасының «Астана Опера» театры ғимаратындағы сайлау учаскесінде дауыс бергенін байқауға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты ойын айтқан еді. «Конституцияға сай мен өзімнің президент ретіндегі өкілеттіліктерімді сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырдым. Бұдан кейінгі жалпыхалықтық сайлауда ол жеңіске жетті. Осы жылдар аралығында мен оның елімізді реформалау және одан кейінгі дамуына қатысты қолға алған шараларын барынша қолдап келдім. Осы жолы да қолдайтыныма күмәніңіз болмасын», — деді Елбасы.