Назарбаев Қытай елшісін қабылдап, Сиге сәлем айтты
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Елшісін Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтап, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті бас хатшысы Си Цзиньпинге жылы лебізін жолдады. Бұл туралы Elbasy.kz сайты жазды.
– Бүгін Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығы аталып өтілуде. Төраға Си Цзиньпинді және барша қытай халқын осы айтулы күнмен құттықтаймын. Осы жылдар ішінде Қытай Халық Республикасы алға қарай үлкен қадам жасады. Коммунистік партияның жоспары Қытайдың әлі де нығайып, дами беретінін көрсетіп отыр, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің дамуының оң қарқынын атап өтті.
– Қытай Халық Республикасы әлемдік ауқымдағы қуатты мемлекетке айналды. Экономикасы дүние жүзі бойынша екінші орында және технологиялық даму деңгейі жоғары. Кедейлікпен күрес мәселесінде де Қытай үлкен қадам жасады. Мен әрдайым біздің қарым-қатынасымызды қолдап келемін. Мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік екі халықтың игілігі үшін жұмыс істей береді. Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығы – мемлекетаралық қатынастың жарқын үлгісі, – деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Елшісі Чжан Сяо Елбасыға құттықтауы үшін алғысын білдіріп, 1 шілде – Қытай Коммунистік партиясының мүшелері үшін ең ерекше әрі ұмытылмас күндердің бірі екенін айтты.
– Сізге байырғы әрі жақын досыңыз Төраға Си Цзиньпиннің ең ізгі тілегі мен ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Сіздің 6 шілдеде өтетін Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының саммитіне қатысу туралы шешіміңізді жоғары бағалаймыз. Бұл өте маңызды оқиға. Оған Сіздің қатысуыңыз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын дамытуға және Қытай Коммунистік партиясы мен Nur Otan арасындағы партияаралық байланысты арттыруға серпін берері сөзсіз, – деді Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі.
АҚШ және Еуропа елдері Қытайды Шыңжаңда бір миллионнан аса ұйғыр, қазақ және мұсылмандарды лагерьге қамап отыр деп айыптап, санкция салған. Вашингтон Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін «геноцид» деп атайды. Батыс Қытайды Гонконгтегі әрекетін, ондағы белсенділерді қудалауын да сынайды.
1 шілдеде таңертең Алматы полициясы Қытай консулдығы алдындағы пикетті түсіріп жүрген белсенді Байболат Күнболатұлын үйінен ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттық тілшісіне белсендінің әйелі Бақыт Сембайқызы хабарлады. Бейсенбі күні Байболатпен қатар оның шешесі Зауатхан Тұрсын, «Нағыз Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның ұсталғаны хабарланды.