Назарбаев Қазақстанды әкесінен мұраға алып қалғандай көреді: Кәрішал Асанов жайлы не білесіз?

0
2114
Advertisement

Біз Кәрішалмен 1960 жылы отау құрдық. Келесі жылы біздің алтын тойымыз болады. Мен өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін. Осынша жылдың ішінде екеуміздің арамызда жанжалды жағдай болған емес. Әрине, өзіңіз де түсінесіз, оның буырқанған диссиденттік саяси өмірін еске алсақ, біздің өмірімізде өте күрделі жылдар да болды.
Бірақ мен бұның бәріне шыдадым. Бұл жағдайларды бір рет те оның бетіне басқан емеспін. Бұның себебін таза қазақы дәстүрде тәрбиеленгендігіммен түсіндіремін. Бұл деген не? Бірінші кезекте, отағасы ретінде еріңе құрметпен қарау. Кез келген жағдайда оның беделін жоғары ұстауға тырыстым.

Жасыратын несі бар, Кәрішал билікпен шекісіп, оны қуғындаған кезде, ол жұмыссыз қалғанда әйел, ана ретінде біздің екі баламыз бар екенін, олардың болашағы туралы ойлау керектігін есіне салатынмын. Мен оған «шындық үшін неге сен ғана күресуің керек, басқалар сияқты тыныш өмір сүре алмайсың ба?» дейтінмін. Бірақ, мұндай сөздер өте сирек, аса бір қатты шаршағанда ғана шығатын.

Сол кездері мен оның алған бетінен қайтпайтынын түсінетінмін. Өйткені, оның мінезі сондай. Бірақ, оның мына бір қасиетін айта кеткім келеді. Оған қаншалықты ауыр болса да (кейбір кездері ауыр кезеңдер жылдарға созылатын) ол өзінің шәлкес мінезін үйде, отбасылық қатынастарда көрсетпейтін.

Ол нағыз ерге тән мінезбен бәрін ішінде сақтайтын, ешқашан шағымданбайтын. Осы үшін мен оны ерекше бағалаймын және одан да жақсы көремін.

Нұрила Әлімжанова, Кәрішал Асановтың жары.

***

Мені қызмет қызықтырған жоқ. Егер мені әділдік емес, қызмет қызықтырған болса, 1986 жылдың маусымында-ақ СОКП ОК-нің инспекторы болып кетер едім. Мен халықтың тағдырына алаңдадым. Бейкүнә халыққа 1937 жылғыдай нәубет келмесе екен дедім. Кез келген жолмен оның алдын алу керек еді. Ондай іске жоғарыдан ықпал ететін адам қажет болды. Бірақ, Колбинді де, кейіннен Назарбаевты да әлдекімдер ақыры менімен байланыспауға азғырып тынды. Екеуі де берген уәделерінде тұрмады.

***

Мен ешқашан Қонаевпен де, Колбинмен де, Назарбаевпен де ұстасқым келген жоқ. Жағдайды түсінгісі келмегендігімен, әдепсіздігімен, дөрекі түрде қысым жасамақ болған олардың өздері мені осыған мәжбүрледі. Маған бұлай жасайтындай олар кім екен соншалықты? Егер тағдырдың жазуымен үлкен биіктерге көтерілсең, онда қарапайым, сергек, мейірбан бол. Халқыңа адал қызмет ет. Олардан басқа ешнәрсе керек емес.

***

Колбин кеткен соң Назарбаев Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол мені шақырып алып, Колбиннің кезінде қиындау жағдайда болғанын жайлап, жылы сөзбен айтуы керек еді. Мен оны түсініп, кешірер едім. Ал, ол бұлай жасаудың орнына маған қарсы Совет ауданының прокуроры Ілияс Бақтыбаевты айдап салып қойды. Ол қазір бас прокурордың орынбасары.

Мені өзіне шақырып алған прокурор: «Егер Назарбаев туралы жаза беретін болсаңыз, біз сізді жауапқа тартамыз. Сіз оны желтоқсан оқиғаларына кінәлі адам ретінде атапсыз» деп қорқытты. Міне, осы кезден бастап менің Назарбаевпен шын мәніндегі күресім басталды. Мен бұл драманың бүге-шігесіне дейін айтпаймын. Тек негізгі деген жерлеріне тоқталамын.

***

Нұрсұлтан Назарбаев менің сөзіме қуана қоймаса да, дұрыс түсінетін шығар деген сенімде болатынмын. Өйткені, мен Желтоқсан оқиғаларына байланысты кінәні Кремльге арттым емес пе? Ал, ол болса маған ризашылық білдірудің орнына қудалауды бастады. Бұл не қылған психология? Логика қайда? Адамдарға деген не көзқарас бұл? Кейін байқағанымдай, Желтоқсан туралы айтылған әрбір сөз оның тамағына сүйек тұрғандай әсер етеді екен. Сірә, жан-дүниесі таза емес болса керек.

***

Мынау жарық дүниеде 74 жыл өмір сүріп, мен мынадай шындыққа көзім жетті: билік ауыртпалығы – бұл барып тұрған ең ауыр жүк. Бұл жүкті екінің бірі көтере бермейді. Мысалы, Назарбаевты алайық. Ол Қазақстанды әкесінен мұраға алып қалғандай көреді. Кімге қажет деп тапсам, соған қызмет беремін. Кімге қажет деп білсем, миллиондармен көміп тастаймын. Тақта қанша қаласам, сонша отырамын. Бірақ, оның әкесі Әбіш жай ғана қойшы болғанын біз білеміз ғой! Назарбаев та бүгінде кедейлікте өмір сүріп жатқан Қазақстанның 80 пайыз халқы сияқты кедей болған.

Менің бұл кінәм бүгінгі көптеген постсоветтік билеушілерге бағытталған. Президент немесе әкім деген кім? Бұлар күндіз-түні халықтың жайын ойласын деп біз уақытша билікті сеніп тапсырған адамдар. Ал олар не істейді? Қолдарына билік тиісімен, бар жанын салып, тістей қатып биліктен айрылғысы келмейді.

Бұның барлығы саяси мәдениеттің жоқтығынан. Мәдениеттен жұрдай болғандықтан.
Қазақ диссиденті Кәрішал Асановтың естеліктерінен.

«Азаттық» сайтының әр түрлі жылдардағы материалдарынан алынды.

***

Кәрішал Асанов (1935-2015)– он шақты кітаптың авторы. Ол қуғындалған жазушылар мен журналистерге берілетін халықаралық Хеллман – Хэммет сыйлығының лауреаты. Оған Қазақстандағы оппозициялық ұйымдар тағайындаған «Азаттық» сыйлығы берілген.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы, Facebook парақшасынан

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз