Назарбаев Порошенкомен телефон арқылы сөйлесті — Ел жаңалықтары

0

Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Петр Порошенкомен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында хабарланды. 

Мемлекет басшылары екі жақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылап, биыл Қазақстан мен Украина арасындағы байланыстардың жандана түскенін атап өтті.

Екі ел көшбасшылары Украинаның оңтүстік-шығысындағы қазіргі ахуал жөнінде пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев Украина дағдарысына қатысты тараптарды сындарлы диалог жүргізіп, келісімге келуге шақырды, сондай-ақ, осы қақтығысты шешу үшін жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін айтты.

Украина Президенті Петр Порошенко Керчь бұғазы маңында болған оқиға жөнінде мәлімдеді. Осыған байланысты, Қазақстан Президенті бұл мәселенің Украина мен Ресей тараптары арасындағы келіссөздер арқылы тезірек шешілуіне ниет білдірді.

Мемлекет басшылары алдағы уақытта да байланысты жалғастыра беру жөнінде уағдаласты. Телефон арқылы сөйлесуге Украина жағы бастамашы болған.

Украина президентінің баспасөз қызметі өкілдері телефон арқылы сөйлесу кезінде тараптар 2019 жылы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен мемлекетаралық Украина-Қазақстан комиссиясының кезекті отырысын өткізу туралы уағдаласты.

«Екі мемлекет басшысы халықаралық ұйымдар, атап айтқанда БҰҰ аясындағы өзара қарым-қатынасын талқылады. Президенттер Украинаның уақытша басып алынған аумақтарындағы қауіпсіздік туралы сөйлесті», — делінген Украина президентінің сайтында.


Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz