Назарбаев пен Мнангагва ынтымақтастықты талқылады

0
110

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 21 қаңтар күні Астанаға ресми сапармен келген Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагвамен кездесті. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөзде президенттер екі ел қарым-қатынасын дамыту жайын талқылады.

Келіссөзде екі ел басшылары сонымен қатар ауылшаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі салаларында ынтымақтастық орнату, Зимбабвенің транспорт-логистикалық желісін жаңарту мәселелерін және өңдек саласында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Назарбаев келіссөзден кейін өткен баспасөз мәслихатында «біз саяси диалогты сақтап, сауда-саттық саласында ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық» деді. Зимбабве мен Қазақстанның ұқсас жақтарын айтқан Назарбаев екі ел де «түрлі пайдалы қазбаға бай екенін» жеткізді.

Зимбабве президенті Қазақстанға бірінші рет ресми сапармен келіп отыр. Астанаға сапарына дейін ол Ресей, Беларусь және Әзербайжанға барған. 76 жастағы Эммерсон Мнангагва Зимбабве президенті қызметіне 2017 жылы қарашада кіріскен. Ол бұл қызметте елді 37 жыл үздіксіз басқарған Роберт Мугабені алмастырған.

2017 жылы қарашада Мугабені әскерилер биліктен құлатып, үйқамаққа алған. Мұның алдында Мугабе келесі президент болып өзінің әйелі Мугабе Грейс сайлануы үшін вице-президентті отставкаға жіберген.

Зимбабведе бірнеше күннен бері елде жанармай бағасының қымбаттауына қарсылық акциялары басталған. Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, демонстранттардың полициямен қақтығысынан бірнеше адам қаза тапқан. Бірақ билік демонстранттар қазасын растамай отыр.

Эммерсон Мнангагва елдегі наразылықтарға байланысты кеше шетелге сапарын ерте аяқтайтынын хабарлаған. Ол Twitter-де Давоста өтетін дүниежүзілік экономикалық форумға өзінің орнына қаржы министрі баратынын жазған.

Дереккөз: Азаттық