NASA Роскосмос басшысының Хьюстонға сапарын «кейінге» қалдырды

0

АҚШ ғарыш агенттігі (NASA) ресейлік Роскосмос ғарыш мекемесінің басшысы Дмитрий Рогозиннің Құрама Штаттарға ақпанға жоспарланған сапарын кейінге қалдырған. NASA өкілі сапардың жаңа мерзімі «әзірге келісілген жоқ» деп мәлімдеген.

Бұған дейін АҚШ конгресмендері елге Роскосмос басшысы Дмитрий Рогозинді кіргізбеуге ниетті екені туралы хабарланған. Мәскеу 2014 жылы Қырымды аннексиялап алғаннан кейін АҚШ заң шығарушылары қабылдаған санкциялар тізіміндегі ресейліктер арасында Дмитрий Рогозин де бар. Өткен жылы күзде NASA басшысы Джим Брайденстайн Рогозинді АҚШ-қа келіп қайтуға шақырған.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың тұсында сол кезде Ресей вице-премьері қызметін атқарған Дмитрий Рогозин АҚШ-тың Ресейге қарсы салған санкциялар тізіміне енгізілген. Politico басылымының жазуынша, Брайденстайн Рогозинді биылғы жылдың басында NASA-ның штаб-пәтері орналасқан Хьюстон қаласына келіп, Райс университетінде дәріс оқуға шақырған.

АҚШ-қа танымал сенатор, демократ Джин Шейхин Роскомос басшысына жіберілген шақыруға тоқтам салатыны туралы ескерткен. Сенатор сілтеме жасаған 2017 жылы қабылданған заңға сәйкес, конгреске атқарушы биліктің Ресейге қарсы санкцияларды біржақты түрде алып тастауға немесе жұмсартуға бағытталған іс-әрекеттеріне тоқтам салатын кеңейтілген өкілеттік берілген. Шейхинді сенаттың барлау жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары демократ Марк Уорнер мен ғарыш жөніндегі кіші комитеттің төрағасы республикашыл Тед Круз қолдаған. Круз бұған дейін ғарыш саласында NASA-ның Ресейге тәуелді болуы Кремльдегі билік басшысы Владимир Путинге АҚШ-қа қарсы іс-әрекетінде артықшылық береді деп алаңдаушылық білдірген.

Дереккөз: Азаттық