Нәрестені унитазға батырған. Алматы облысында өгей ұлдарын зорлаған әке ұсталды
Алматы облысында өгей әке кішкене ұлдарын зорлап келген. Жантүршігерлік оқиғаны «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі бөлісті.
Бұрын істі болған ер адам әйелі мен оның 4 және 9 жастағы балаларын соққыға жығып келген. Тіпті, ортақ үш айлық балаларын унитазға батырмақ болған. Әйел адам күйеуінен қатты қорқып қалған. Алайда қызының бұрынғысынан бетер таяқ жегенін көрген шешесі полицияға хабарласқан. Ер адам ұсталды.
Ұлдардың бірі әжесіне өгей әкесінің өздеріне моншада не істегенін және қазір жамбасының қатты ауырып жүргенін айтқан.
«Біз қатты қапаланып отырмыз, тергеуші Зарина Сүлейменова істі ашты, алайда нәтижесі жағамызды ұстатып отыр. Сараптама екі баланың зорлану фактісін дәлелдеді. Агрессор педофил болып шықты», — деп жазды құқық қорғаушы.
Дәл қазір іс бірнеше бап бойынша сотқа жолданды: 107-баптың 1-бөлігі, 110-баптың 1-бөлігі, 121-баптың 4-бөлігі бойынша.
«Ер адам бұрын сотталған, әлбетте, қазір әйел мен оның шешесін қорқытып отыр. Отбасы болған жағдайды ауыр өткеріп жатыр. Осы уақыт ішінде әжесіне ота жасалды, күйеуінен таяқ жеп келген әйел ұзақ уақыт емделді, қазір түгі қалмаған. Бұл ер адам бір жыл ішінде бүкіл отбасының денсаулығын құртты. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылып, түрмеден ешқашан шықпайды деген үміттеміз!» — деп қосты Дина Таңсәрі.